Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұлы Аслан Рысқали Лондоннан құны 1,3 миллиард теңге тұратын пәтер сатып алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
БАҚ мәліметінше, Аслан Рысқали Лондонда орналасқан жылжымайтын мүлікті басқаратын Kennington Green Management limited компаниясының директоры болып тағайындалған. Компания Кеннингтон Роуд көшесіндегі екі үйдің жалға берілуі мен күтіміне жауап береді. Алайда «Выход к морю» Telegram-арнасының мәліметінше, Асланды бұл қызметі үшін "үй басқарушысы" деп атау дұрыс емес. Себебі аталған компания – пәтер иелері кооперативі болып табылады. Мұндай құрылымда әр пәтер иесі сол үйдің бірлескен иесі саналады және жалпы жиналыстарда дауыс беру құқығына ие болады.
- Демек, Аслан Рысқалидің Kennington Green Management limited директоры атануы оның осы үйден пәтер сатып алғанын білдіреді және бұл рас, – делінген жарияланған жазбада.
Дереккөздің айтуынша, Аслан 2021 жылғы сәуірде 346-үйдің төменгі қабатынан 275 шаршы метр аумақтағы, төрт жатын бөлмесі бар пәтерді 1,51 миллион фунт стерлингке сатып алған. Қазір бұл пәтердің құны 1,88 миллион фунтқа (шамамен 1,3 миллиард теңгеге) жеткен.
РЫСҚАЛИЕВ ЖАЙЛЫ
Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімі қызметін атқарған. 2013 жылы экс-әкімге "аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және және қылмыстық топ құрды" деген айып тағылған. Тергеу бес жылға созылып, 2019 жылы Қазақстан соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға, ағасы Арманжан Рысқалиевті 16 жылға сырттай соттаған. Олардың құны миллиардтаған теңге тұратын дүние-мүлкін тәркілеген.
Алайда 2020 жылы жазда Қазақстан соты Бергей Рысқалиевтің отбасы мен жақындарынан тәркіленген мүліктің "бір бөлігін" қайтару туралы шешім шығарған. Рысқалиевтің мүлкін қайтару туралы кассациялық шағымды Қазақстан Бас прокуратурасы түсіріп, оған Жоғарғы соттың тез келіскені қоғам назарын аударған.
Былтыр әлеуметтік желіге Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусиннің Лондонда бірге түскен фотосы жарияланған еді. Суреті қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов таратқан. Сол тұста бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Бергей Рысқалиевті елге жеткізу әзірге мүмкін емес екенін айтқан еді.
Бұған дейін Бергей Рысқалиевті аңдуға және Лондондағы Қазақстан елшілігінде арандату акциясын өткізу жоспарына Ұлыбританияда сотқа тартылған болгар азаматтарының қатысуы болуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.