Сатирикалық Qaznews24 жаңалықтар жобасының негізін қалаушы Темірлан Еңсебектің бес жылға бостандығын шектеу туралы үкімге қарсы шағымын апелляциялық инстанция қарамақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Темірлан Еңсебектің келесі сот отырысы жайлы оның қалыңдығы Мария Кочнева хабарлады. Оның айтуынша, апелляциялық сот отырысы 27 мамырға белгіленген және WhatsApp арқылы онлайн-форматта өтпек.
Кочнева сот процесінің мессенджер арқылы өтуіне наразы болды.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Бұл — қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот! Экстремизм бабымен, 15 түрлі шектеуі бар үкімге қатысты. Тиманың тағдыры шешіледі, ал процесс WhatsApp-та өтеді. Бұл не абсурд!? Бұл 15 тәулікке қамай салатын әкімшілік сот емес қой!, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, 11 сәуір күні Наурызбай аудандық қылмыстық соты Темірлан Еңсебекті ҚР ҚК 174-бабы бойынша (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни араздықты қоздыру) кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған еді.
Қылмыстық істің қозғалуының себебі — ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық жазба болған.