Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақнәр ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Ұлысмедиа тілшісі кулуарда Ақнәр ісі неге бір орыннан қозғалмай тұрғанын сұрады.
- Ақнәр ісі бойынша тергеу органдарымен жедел тергеу тобы құрылып, қылмыстық іс біздің бақылауымызда. Жәбірленушінің уәждері тергеу барысында тексеріліп жатыр, дейді Әділов.
Әділов бұл іс бойынша ешкім әлі күдікті деп танылмағанын, тергеу жүріп жатқанын айтты.
АДВОКАТЫ НЕ ДЕДІ
Еске салайық, жәбірленуші тараптың мүддесін қорғайтын заңгер Инга Иманбай қоғамда үлкен резонанс тудырған Ақнәр Гүлстанның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанына он ай өтсе де, тергеу барысы бойынша нақты нәтиже жоғын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.
АНАСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Сонымен қатар, Ақнәр Гүлстанның анасы Гүлстан Қамит Instagram желісінде полиция тарапынан қысым көріп жатқанын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.