Ақтөбе облысында жұмыс орнындағы өрттен ауыр күйік алған 46 жастағы теміржолшы Жұбандық Дүйсембаев қайтыс болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бір аптадан астам күрескенімен, аман алып қала алмады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қайғылы оқиға 13 қазанда Шалқар ауданындағы «Қазақстан темір жолына» қарасты орман екпелері учаскесінде болған. Екі жұмысшыға 200 литрлік бөшкеде қалған АИ-92 бензинін құйып алу тапсырылған.
Жанармайды құю кезінде кенеттен өрт тұтанған. Екі ер адам да ауыр күйік алған. Әсіресе екі қыздың әкесі, 46 жастағы Жұбандық Дүйсембаев қатты зардап шеккен. Дәрігерлердің мәліметінше, оның денесінің 85 пайызын күйік шалған.
Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізіліп, оларды емдеуге Астанадан мамандар тартылған. Алайда жасы үлкен жұмысшының жағдайы аса ауыр күйінде қалған.
– Емдеу барысында науқастардың бірін санитариялық авиациямен Астанаға жібердік. Екінші науқастың денесінің 85 пайызын күйік шалған. Жарақатының ауырлығына байланысты ол қайтыс болды, – деді Ақтөбедегі №1 көпбейінді аурухананың травматолог дәрігері Нұрлан Әбішев КТК арнасына.
Екінші жұмысшы 23 жаста, оның денесінің 40 пайызын күйік шалған. Алдымен ол Ақтөбеге жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін емін жалғастыру үшін санитариялық авиациямен Астанаға әкетілген.
Бұған дейін Жұбандық Дүйсембаевтың қызы журналистерге туыстары оқиға туралы бірнеше сағаттан кейін ғана білгенін айтқан.
Оның сөзінше, әкесі жүргізуші болып жұмыс істеген, бензин құю оның міндетіне кірмеген. Отбасы оған мұндай жұмыстың неге тапсырылғанын және қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтағысы келеді.