Абай облысының тұрғындары бір аптадан аса уақыттан бері жалғасып жатқан ауқымды өрт туралы хабарлады. Олардың айтуынша, тілсіз жау ауыл шаруашылығы алқаптары мен қысқа дайындалған шөп қорын жалмап жатыр. Жұрт жалын елді мекендер мен Алакөлге дейін жетуі мүмкін деп алаңдайды. Төтенше жағдайлар департаменті өрттің таралуы тоқтатылғанын, алайда кейбір аумақтарда әлі де өрт ошақтары бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде Мақаншы ауданындағы Қабанбай ауылы мен Жалаңашкөл станциясының арасындағы өртке қатысты тұрғындардың үндеуі жарияланды.
Жазба авторының айтуынша, өрт шаруашылық жерлерін шарпыған. Жергілікті тұрғындар көрші ауылдардың халқымен бірге бір аптадан астам уақыт бойы жалынды ауыздықтауға тырысып жатыр.
– Өрттің жалғасқанына бір аптадан асты. Ауыл тұрғындары мен көрші елді мекендердің халқы өз күштерімен өртті сөндіруге тырысып, қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Алайда тілсіз жауды әлі күнге дейін толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр, – делінген үндеуде.
Жазба авторының мәлімдеуінше, өрт салдарынан шаруа қожалықтары зардап шегіп, жиналған өнім мен ауыл тұрғындарының қысқа дайындаған шөбі жанып кеткен.
Тұрғындарды әсіресе жалынның ауыл мен Алакөлге қарай таралу қаупі алаңдатып отыр.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Жарсу учаскесіндегі ашық аумақта құрғақ шөп пен қамыс өртенгенін растады.
Құтқарушылардың мәліметінше, өрттің одан әрі таралуы тоқтатылған. Алайда жалын шарпыған кейбір аумақтарда өрт әлі толық сөнген жоқ.
Өртті сөндіру жұмыстарына жекелеген ошақтардың жетуі қиын, батпақты жерлерде орналасуы кедергі келтіріп отыр.
Өртті сөндіруге Абай және Жетісу облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелері, Қарабұлақ пен Қаратал ауылдарының өрт сөндіру бекеттері, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері жұмылдырылған.
Қазір оқиға орнында 59 адам мен 18 техника жұмыс істеп жатыр. Жағдайды бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараты да пайдаланылып жатыр.
Ведомство өкілдері қазіргі уақытта елді мекендерге қауіп төніп тұрмағанын мәлімдеді.
Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.