Соңғы кездері заңгер Ержан Есімхановтың есімі әлеуметтік жер жарып тұр. Оның себебі - заңгердің қазақ тілінде сөйлеуді сұрайтын адамдарды "қазақшасөйлешники" деп мысқылдауы. Есімханов туралы не белгілі? Ulysmedia.kz тілшісі шолу жасады.
ДАУДЫҢ БАСЫ
Ең алдымен әлеуметтік желіде Ержан Есімхановқа ешкім “қазақша сөйлемейсіз” деп тиіспегенін атап өтейік. Заңгер “қазақшасөйлешники” деп қазақ тілді аудиторияның “қытығына” өзі тие бастаған. Бұл желі қолданушыларына ұнамай, көпшілік бұл тіркес қазақтілді аудиторияға және қазақ тілін насихаттау жолындағы күш-жігерге құрметсіздік ретінде қабылдады.
Есімхановқа қатысты дау қайдан шыққанын, заңгер оларға не деп жауап бергенін және халықтың реакциясын күні кеше толық баяндаған болатынбыз.
ЕСІМХАНОВ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Ержан Есімханов – заңгер, халықаралық заң фирмасының серіктесі. Жасы 44-те, оның тең жартысын заң саласына арнаған. Әлеуметтік желіде белсенді. Мысалы Instagram парақшасында 102 мың оқырманы бар. Өзінің айтуынша, жақында “қазақшасөйлешникиге” қатысты болған даудан кейін 300 адам Есімхановтан “кетіп қалған” (немесе өзі бұғаттаған).
Есімханов өзін жүрген жерінде заңгер, жүзуден марафондарға қатысушы және Ұлыбританияның Кембридж университетінің түлегі деп таныстырып жүреді.
ЛА-МАНШ БҰҒАЗЫН ЖҮЗІП ӨТКЕН
Сонымен қатар, заңгер Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен алғашқы қазақ. Ол 2019 жылдың 3 шілдесінде Англия жағалауынан Францияға дейінгі аралықты — шамамен 34 шақырымды — 14 сағат 21 минутта жүзіп өткен. Франция жағалауына жеткен сәтте ол Қазақстан туын көтеріп, бұл арқылы Ла-Маншты жеке өзі жүзіп өткен алғашқы қазақстандық екенін мәлімдеген.
ОТБАСЫ
Ержан Есімханов әйелі Гаухар Есімхановамен егіз қыз бен ұлды тәрбиелеп отыр. Айта кетейік, Гаухар Есімханова модель Айя (Аяулым) Шалқардың анасы. Айя – Гаухардың бірінші некесінен туған қызы.
Айяның өзі Қазақстанда және шетелде танымал сәнгер және кәсіпкер. Ол 1996 жылы Ақтау қаласында дүниеге келген. 2013 жылы гимназияны бітіргеннен кейін Страсбург университетінің бейнелеу өнері факультетіне оқуға түскен. Еуропада жүріп, сән журналдарының мұқабасына шығып, модель агенттіктерімен жұмыс істеген. 2015 жылы Қазақстанда "АШ" минималистік киімдер мен аксессуарлар брендін іске қосқан. 2023 жылы елге оралып, қазақтың ұлттық бұйымдары мен әшекейлерін дәріптеп, арнайы көрме өткізуді жоспарлаған.
Ал модельдің әкесі – Қазақстандағы белгілі кәсіпкер, премьер-министрдің орынбасары әрі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің туған інісі Шалқар Нұртілеу.
Заңгердің әйелі қазақ әдебиеті мен мәдениетінде орны бар адам. Ол бірнеше шығармашылық жобаларға қатысып, балалар әдебиеті мен поэзия саласында еңбек етіп келеді. Гаухар 2023 жылы жарық көрген «Менің алғашқы ертегілерім» атты балалар кітабының редакторы ретінде танымал.
НЕ ТУРАЛЫ ЖАЗАДЫ
Есімханов көбіне кәсіп, саясат және елдегі проблемалар туралы әлеуметтік желідегі парақшасында ойын жазып отырады. Мысалы жақында ол мемлекеттік қызмет пен жекеменшік сектордағы жалақыны салыстырған болатын.
Сонымен қатар, ол ҚБТУ-ды мемлекетке қайтару туралы ойын да жазған болатын.
Бірақ көптеген қазақстандық, оның ішінде танымал медиа мамандар да Ержан Есімхановтың қазақ тіліне қатысты жазған жазбасынан кейін оны сынға алды. Тіпті желіде бұл жайттан кейін cancelYer_Yess хештегі пайда болды. Сонымен қатар, заңгер “қазақшасөйлешникиден” кейін Threads-тегі парақшасын өшіріп тастаған.