Қазақстан аумағынан Ресейге қарай миллионға жуық киік миграция жасағаннан кейін Астрахан облысының тұрғындары Ресей президенті Владимир Путинге жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саратов облысындағы фермерлер мамырдың екінші онкүндігінде басталған киіктердің жаппай көші салдарынан егістік алқаптары, жайылымдар мен шабындық жерлер тапталып, толық жойылып жатқанын айтып, Ресей президенті Владимир Путинге жүгінді. Бұл туралы «Взгляд-инфо» басылымы хабарлайды.
Фермерлердің айтуынша, ең қатты зардап шеккен аумақтар – Александров-Гай, Питер және Новоузен ауданы.
Сонымен қатар олар Малая Узен өзенінде киіктердің жаппай қырылып жатқанын айтып, дабыл қақты. Бұл өзеннің суы ауызсу көзі ретінде пайдаланылады, ал өлекселердің суда жүзуі – тұрғындардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, дейді жергілікті шаруалар.
МАМАН ПІКІРІ
Саратов облысының бұл өңірлері – киіктердің тарихи қонысы. Бұрын бұл жерде егістік болған емес. Қазір жануарлар тек өз мекеніне қайта оралып жатыр.
«Кеңес дәуірінде Саратов пен Волгоград облыстарында киік саны күрт азайған соң, ол өңірлерге адам иелік етті – тың жер жыртылып, әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егіле бастады. Ал қазір киік табиғи ортасына қайта келіп жатыр. Бірақ бұл жайт адамдардың наразылығын тудырып отыр», – дейді Калмыкиядағы «Қара жерасты» қорығының директоры Батаар Убушаев «Известия» басылымына берген сұхбатында.
Қазақстан мамандарының бағалауынша, биыл еліміздегі үш киік популяциясының жалпы саны 4,5-5 миллион басқа жетуі мүмкін. Соның ішінде ең ірісі – Волга мен Жайық арасын мекендейтін волга-жайық популяциясы. Дәл осы табын көктемде солтүстікке қарай көшіп, Ресей аумағына өтеді.
ЕКІЖАҚТЫ КЕЛІСІМ
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Ресей киіктің миграциялық жолдарына арнап трансшекаралық экологиялық дәліздер құруға келіскен. Яғни, Ресей тарапы бірқатар өңірде жануарлардың кедергісіз өтуіне жағдай жасауға міндеттеме алған болатын.