7 жылға сотталған Дидар Қалиахметтің анасы сот залынан шыққаннан кейін талып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот үкімі оқылғаннан кейін сотталушының анасы есінен танып құлап қалды. Ал Дидардың әкесі үкімге шағымданатынын жеткізді.
Апелляцияға береміз. Соңына дейін барамыз. Бұл жерде менің баламның ешқандай кінәсі жоқ. Марқұм Шерзаттың достары, куәгерлер сияқты менің балам да дүкеннен шығып, мылтық атылғаннан кейін артынан барып, қайтып кетіп қалған, – деді әкесі Еркін Есімбеков.
Талғарда кісі қолынан мерт болған жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесіне бүгін нүкте қойылды. Судья Ержан Жанұзақов прокурор сұрағандай сотталушыларға 1,5-23 жыл аралығында түрмелік үкім кесті.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Шерзат Полаттың өлімінде негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, қалған күдіктілер де сотталуы мүмкін екені бұған дейін айтылған. Себеб жәбірленуші тарап сотқа осындай талап-арыз түсірген. Алайда прокурорлар бұған қарсы шықты.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев марқұмның әкесі, анасы мен әжесіне сұралатын моральдық өтемақының мөлшерін айтты. Жәбірленушілердің сотталушылардан сұрап отырған жалпы сомасы 600 млн теңгеден асады.
Жарыссөзде прокурор Дана Сәрсенбай сотталушыларды 7-23 жыл аралығында соттауды сұрады.