Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Астанада жұмыс уақытын 07.00-де немесе 08.00-де бастауды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, қазір Астанада, басқа да ірі қалаларда кептелістер күшейіп, қоғамдық көліктер кешігіп келетін болған. Бұл тек халыққа ғана емес, мегаполистердің инфрақұрылымына да елеулі салмақ түсіреді дейді депутат.
МӘСЕЛЕ НЕДЕ
Астана мен Алматы қалаларына тән ерекшелік – агломерациялық дамудың жоғары қарқыны және қалалық аумақтардың кеңеюі. Бұл үрдіске бейберекет урбанизация мен маятниктік көші-қон қосылып, ахуалды күрделендіреді. Әрине, жергілікті атқарушы органдар халық саны мен көлік құралдарының артуын ескере отырып, қалалардың көлік жүйелерін дамытуға арналған бағдарламалар қабылдап жатыр. Алайда бұл шаралар жеткіліксіз. Мәселе Үкімет деңгейінде кешенді назар аударуды қажет етеді, – дейді ол.
Нұралиннің сөзінше, болжам бойынша, алдағы бірнеше жылда елорда халқының саны 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Алайда жұмыс орындарының негізгі бөлігі мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары қаланың орталық бөлігінде шоғырланған. Қала маңындағы елді мекендерден тұрғындардың бір мезгілде жұмысқа барып-қайтуы – көлік коллапсына әкеледі. Кеңістіктік теңгерімсіздік салдарынан негізгі көлік жолдары қатты жүктеліп, әсіресе, таңғы және кешкі уақыттарда ұзын-сонар кептелістер туындайды.
Ашық статистикалық деректерге сәйкес, Астанадағы жұмыспен қамтылғандардың 50%-дан астамы мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді. Осыған байланысты көлік жүктемесін азайту мақсатында орталық атқарушы органдар, ұлттық компаниялар мен оларға қарасты ұйымдардың қызметкерлері үшін көлік ағынын қайта бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонымен қатар агломерациялық көлік саясаты аясында аталған ұйымдар үшін жұмыс уақытының басталу мерзімін өзгерту мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Зерттеулер көрсеткендей, еңбек өнімділігі тұрғысынан таңғы уақыт әлдеқайда тиімді. Жұмыс күнін сағат 9:00-ден 7:00 немесе 8:00-ге жылжыту – ұсынылып отырған шараларға сай келеді, – дейді ол.
ҮШ ҰСЫНЫС
Депутаттың сөзінше, шешім қабылдау кезінде әлем елдерінің кептелістермен күрес тәжірибесін ескермеуге болмайды. Бұл – жаһандық сын-қатер, оны шешу жолдары әр елде инфрақұрылымға, мәдениетке, экономика мен саяси ерік-жігерге қарай әртүрлі.
Үздік тәжірибелер қоғамдық көлікке басымдық берудің, жаяу жүргінші және велосипед инфрақұрылымын дамытудың, тұрақтар бойынша қатаң тәртіп орнатудың тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар, бағдаршамсыз магистралды көшелер, өткізу қабілеті жоғары жолдар, көпдеңгейлі жолайрықтар, қала шетінде «ұстап қалатын» автотұрақтар секілді шешімдер де басқарушы құрылымдардың назарында болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – қалаларды полицентрлік дамуға бағыттау, орнықты мобильділікті қамтамасыз ету, жеке көлікке тәуелділікті азайту және қалалық инфрақұрылым сапасын арттыру, – дейді ол.
Депутат үш ұсынысын ортаға салды: