Қазақстан азаматтары есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен Грузияда ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Грузияда кейінгі үш айға жетпейтін уақыт ішінде есірткіге қатысты 2370 қылмыс тіркеліп, 1 712 адам ұсталды. Олардың 157-сі — есірткі сату күдігімен ұсталғандар.
Vesti.az дерегінше, ұсталғандар арасында Қазақстан азаматтары да бар. Сонымен қатар, Әзербайжан, Иран, Ирак, Түркия, Ресей, Румыния, Молдова және Украина тұрғындары да тіркелген. Олардың көпшілігіне есірткі құралдарын сатқан деген айып тағылып отыр.
Грузияда есірткі саудасына қарсы күрес 17 наурыздан бастап күшейтілді. Сол күннен бастап парламентке есірткіні сақтау мен сатуға қатысты жауапкершілікті нақты ажырататын заң жобаларының топтамасы ұсынылды.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Грузия парламенті шетелдіктердің елде болу ережелерін қатаңдатуға бағытталған жаңа түзетулер пакетін әзірлеген болатын. Жобаға сәйкес, Грузияның қылмыстық кодексіне жаңа жаза түрі енгізіледі — көші-қон режимін бұзған шетелдік азаматты елден шығарып, белгілі бір мерзімге елге кіруіне тыйым салынады. Бұл шаралар шетелдіктерге қатысты заң бұзушылықтар анықталған жағдайда ресми құқықтық рәсім ретінде қолданылады.