×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Мұнай саудасын реформалау: Смайылов Ақшолақовқа бір ай уақыт берді

18.01.2022, 10:15
Мұнай саудасын реформалау: Смайылов Ақшолақовқа бір ай уақыт берді
Фото: Ашық дереккөзден

Премьер-министр Әлихан Смайылов инфляцияның, азық-түлік өнімдері мен мұнай өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу үшін бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Премьер-министрдің айтуынша, инфляция деңгейі  өткен жылы қыркүйектегі 8,9 проценттен желтоқсанда 8,4 процентке дейін төмендеген. Бірақ  бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Жалпы мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр.

«Азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бүгін айтылған ұсыныстарды жалпы қолдаймын», - деді ол.

Ол сонымен бірге мемлекеттік органдар басшыларының назарын бірқатар мәселеге аудару керектігін айтты.

«Біріншіден, бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз  жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет. Екіншіден, өңірлер әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтсін. Үшіншіден, Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электронды шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтасын», - деді ол.

Әлихан Смайылов одан бөлек Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қоюды тапсырды.

«Бесіншіден, мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет.  Энергетика министрлігіне  бір ай ішінде  мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындауды тапсырамын. Алтыншыдан, мемлекеттік органдар көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін  жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты, Бәсекелестікті қорғау  агенттігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін  заңға сәйкес шаралар қабылдауы қажет. Жетіншіден, Индустрия министрлігі толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру керек. Бүгін ұсынылған шараларды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1 ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін  енгізуді тапсырамын», - деп түйді үкімет басшысы.