Мемлекеттік тілде қызмет алуға құқығыңыз бұзылған жағдайда не істеу керек? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл мәселенің бұрынғы және қазіргі жағдайын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Депутаттың айтуынша, бұрын тіл заңнамасын бұзу фактілері болғанымен, нақты шара қолданылмай келген.
Әкімшілік кодексте жауапкершілік қарастырылғанымен, уәкілетті орган ретінде тілдерді дамыту басқармаларының тексеру жүргізіп, хаттама толтыруға құқығы болмаған және осы күнге дейін бірде-бір айыппұл салынбаған. Ал прокуратураға шағым түссе, олар кері сол басқармаға жібереді.
– Неге десеңіз, заңнамада нақты тетіктер қарастырылмаған. Сіз қызметті мемлекеттік тілде көрсетуді талап еттіңіз, ал ол сіздің құқығыңызды бұзды делік. Сол мәселе бойынша уәкілетті орган деп, тілдерді дамыту басқармасына арыз жазсаңыз, олардың тексеру, хаттама толтыру құқығы жоқ. Прокуратураға жазсаңыз, уәкілетті орган деп, тілдерді дамыту басқармасына жібереді. Ал оларда мүмкіндік жоқ, – деді ол.
Алайда Абзал Құспан Мәжіліске келген соң бұл олқылықты түзетуге бастамашы болғанын айтты.
– Енді жергілікті әкімдіктер жанындағы тілдерді дамыту басқармаларына арыз түсірсеңіз, олар хаттама толтырып, заң бұзған тұлғаға әкімшілік жаза қолдана алады, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін белгілі продюсер және тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев Қазақстандағы тіл мәселесін шешудің жолын айтқан еді.
Ал оның алдында жазушы Қанат Тасыбеков қазақ тілінің дамуына не кедергі келтіріп отырғанын айтқан болатын.