Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Солтүстік Вазиристан ауданында лаңкестің жасаған жарылысынан 13 пәкістандық әскери қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
AFP агенттігінің мәліметінше, лаңкес мина қойылған көлікті армия керуеніне бағыттаған. Шабуыл салдарынан тағы 10 сарбаз және 19 бейбіт тұрғын жарақат алған. Жарылыстан жақын маңдағы үйлер де зардап шеккен — екі ғимараттың шатырлары құлап, үйінді астында алты бала қалып қойған.
Қазіргі уақытта бұл шабуыл үшін ешбір лаңкестік ұйым жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Дегенмен, бұл өңірде «Техрик-и-Талибан Пакистан» (TTP) содырлары белсенді әрекет етеді.
Бұл оқиға елде террорлық белсенділік көбейген кезде болып отыр. Наурыз айының өзінде Пәкістан армиясы Оңтүстік Вазиристандағы ұқсас шабуылдан кейін TTP-дің 10 содырдың көзін жойғанын хабарлаған. Сондай-ақ, наурызда BLA содырлары Jaffar Express пойызын жарып, 21 жолаушы мен 4 әскери қызметкерді өлтірген.
АНЫҚТАМА
2025 жылғы Жаһандық терроризм индексі бойынша, Пәкістан терактілерден қаза тапқандар саны бойынша әлемде екінші орынға шықты.
2023 жылы 748 адам көз жұмса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 081 адамға дейін, яғни 45% артқан.