×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Ауылда айлық 35 мың теңге! Ол ақшаға қалай күн көруге болады – сенатор

20.01.2022, 08:56
Фото: Ашық дереккөзден

Сенатор Ақылбек Күрішбаев ауыл тұрғындарының өте төмен әлеуметтік жағдайына байланысты бастама көтерді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, ауылдағы отбасылар үлкен қалалардан шалғай жерде отырып, олар өз мәселелерін билікке қалай жеткізуін де білмейді.

«Мәселе – жалған статистиканың ауылдағы нақты жағдайды жасыратындығында. Біз, бір топ сенаторлар, Үкімет басшысына ресми органдар ұсынған бояма сандардың ауыл өмірінің шындығына сәйкес келмейтіндігін қанша айтып келдік. Статистика деректері бойынша ауылдағы жұмыссыздар саны 181 мың адам немесе 4,7%. Бірақ, іс жүзінде жұмыссыздық халықтың бағын ашпас соры болды. Біз еліміздің барлық аудандарында ауыл тұрғындары арасында арнайы әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Олардың басым көпшілігі жұмыстың жоқтығын «басты мәселе» деп атады. Осы сауалнамада көрсеткендей, ауыл тұрғындарының нақты табысы айына 35 мың теңгені құрайды. Мұндай ақшаға қалай күн көруге болады?» - деп жазды депутат әлеуметтік желіде.

Оның хабарлауынша, Қазақстанда қашан да бала туу көрсеткіші қалалық жерлерге қарағанда ауылда әрдайым жоғары болатын. Бірақ соңғы 7 жылда бұл көрсеткіш күрт төмендеп кеткен. Жылдан жылға ауыл халқының қалаларға көшуі ұлғаюда. Тек 2019-2020 жылдары ауылдан қалаға 880 мың адам қоныс аударған.

«Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ? Ауылдық аймақтардың ахуалын реттеу-экономикалық қана емес, ел үшін саяси, стратегиялық маңызды, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселе», - дейді ол.

Ақылбек Күрішбаев осыдан бір жыл бұрын Сенатта ауылдарды дамыту бойынша парламенттік тыңдау өткізіліп, оның қорытындысына сәйкес Үкіметке нақты ұсыныстар берілген. Бірақ бұл ұсыныстардың негізгі тармақтарының ешқайсысы орындалған жоқ.

«Ықпалды Парламентті Үкімет осылай тыңдау керек пе?! Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына, яғни «Ауыл - Ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз? Екіншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру ұсынылды, өйткені өндірісті дамыту және ауылда жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдай жасау таразының екі жағындай ішкі байланыстағы мәселелер болып табылады, нақтырақ айтсақ, кез келген ауылды дамытудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісі жатыр. Ауылда болып жатқан жағдайдың мәнін түсінбегендіктен, Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді-мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы емес, халықты жұмыспен қамтуды мәселесін емес, демографияны бірінші орынға қоюына алып келді. Үшіншіден, ауылдық жердегі және ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірі – кадрлардың тапшылығы. Ашығын айту керек, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы тиісті түрде жұмыс істемейді және онда көзделген мемлекеттік қолдау шаралары қайта қарауды талап етеді», - дейді сенатор.

Сондай-ақ, екі Парламенттік тыңдаудың ұсынымдары мен депутаттық сауалымызда ҚР Білім және ғылым министрлігіне аграрлық мамандықтарға түсушілер үшін ауылдық квотаны 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайту ұсынылған. Негіздеме айқын, бұл ауыл мектептерінің түлектеріне жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін көтеріп қана қоймай, диплом алғаннан кейін оларды ауылда жұмысқа орналастыру мүмкіндігін де арттырады. Бірақ бұл депутаттық сауалға «соңғы 3 жылда аграрлық мамандықтар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778 бірлікті құрады» деген жауап келген.

«Бірақ талдау көрсеткендей, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Сізден ҚР Парламенті Сенатына осындай жауап жібере салатын орындаушыларды анықтап, жазалауды сұраймын. Қорытындылай келе, еліміздегі ауылдарды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары қомақты үлес қоса алар еді. Қазір бірқатар ауылдық елді-мекендерді онда шоғырланған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының өтеусіз көмегі есебінен ұстап тұрмыз. Сонымен қатар елімізде әкімдердің шешімдерінің арқасында ірі жер пайдаланушыларына (латифундистерге) айналған бірқатар үлкен компаниялар бар, олар ауыл тұрғындары айтқандай «ауылдың ішкі жағдайына бас ауыртпай, егін егуге және егін жинауға ғана келеді». Біздің ойымызша, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар ірі ауыл шаруашылығы компанияларын ауылдық аймақтарды дамытуға тарта отырып, ауылдық инфрақұрылымды салу және жөндеу,кадрларды даярлау, өзінің жалдамалы жұмысшыларының жалақысын арттыру, жер үлесі иелеріне лайықты ақы төлеуді қамтамасыз ету, ауылда кооперацияны дамыту үшін қызмет көрсететін кәсіпорындар (якорлік өндірістер) құру, ауылдық елді-мекендердің жайылымдарын олардың тұрғындарына қайтару жөнінде қажетті шаралар қабылдауы қажет», - деп түйді сенатор.

Серіктес жаңалықтары