2025 жылғы 2 шілдеде Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі елшісі Михаил Евдокимовты министрлікке шақыртты. Министрлік таратқан ресми мәлімдемеде Әзербайжан тарапы елшіге екі ел арасындағы қатынастарға нұқсан келтіретін достыққа жат әрекеттерге байланысты өз наразылығын жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕКАТЕРИНБУРГТЕГІ РЕЙД ПЕН ҚАЗА ТАПҚАНДАР
Кездесуде министрдің орынбасары Араз Әзімов Ресей тарапына Әзербайжан азаматтарының құқықтарының бұзылуы, атап айтқанда, 27 маусым күні Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың үйлеріне жүргізілген рейд кезінде екі адамның қаза тауып, бірнешеуінің ауыр жаралануына алаңдаушылық білдірді.
Әзербайжан тарапы марқұмдардың денесіндегі зорлық белгілері мен сараптама нәтижелері Ресейдің ұсынған ресми нұсқасына қайшы келетінін айтты. Сонымен қатар, рейдке қатысты ресейлік медиада этникалық төзбеушілікке жол беріліп отырғаны, әзербайжан азаматтарын «этностық қылмыстық топ» деп атау мүлдем қабылдауға келмейтіні атап өтілді.
РЕСЕЙДЕН ТЕРГЕУДІ ӘДІЛ ЖҮРГІЗУ ТАЛАП ЕТІЛДІ
Әзербайжан тарапы бұл оқиғаға байланысты ресейлік құқық қорғау органдары тарапынан әділ және толыққанды тергеу жүргізілуі тиіс екенін, кінәлілердің жауапқа тартылып, зардап шеккендерге өтемақы төленуі қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, Бакудің бұл ұстанымын «Ресейдің ішкі ісіне араласу» деп бағалау орынсыз деп есептейтінін білдірді.
“SPUTNIK-ӘЗЕРБАЙЖА” ІСІ
Кездесуде «Sputnik-Әзербайжан» агенттігінің кеңсесіне қатысты жүргізілген іс-шаралар да сөз болды. Әзербайжан тарапы бұл әрекеттер ел заңнамасына сәйкес жүргізіліп жатқанын, қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Мәскеудің осы мәселеге қатысты сыны негізсіз деп бағаланды.
АҚПАРАТТЫҚ ШАБУЫЛ
Баку тарапынан өткен жылдың соңында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағына қатысты Ресейдің әуе кеңістігінде болған оқиғаның салдары мен соған байланысты қажетті шаралар қабылданбағаны сынға алынды. Сондай-ақ, ресейлік БАҚ пен кейбір ресми тұлғалар тарапынан Әзербайжанға қарсы жүргізілген дезинформация науқаны айыпталды.
СОҢҒЫ АЙЛАРДА ШИЕЛЕНІС ҮДЕГЕН
Кездесуде соңғы 4-5 айда Ресейдің қоғамдық-саяси тұлғалары мен медиасының Әзербайжанның егемендігіне, аумақтық тұтастығына, халқына қарсы айтқан мәлімдемелері мен әрекеттері екі ел арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етіп жатқаны да атап өтілді.
ӘЗЕРБАЙЖАН: РЕСЕЙ ӘРЕКЕТТЕРІ ДОСТЫҚҚА ҚАЙШЫ
Әзербайжан тарапы Ресейдің аталған әрекеттері екі ел арасындағы достық пен өзара құрмет принциптеріне қайшы келетінін, қосымша шиеленіске себеп болғанын және жалпы қатынастарға кері әсерін тигізіп отырғанын ресми түрде жеткізді.
РЕСЕЙ НЕ ДЕЙДІ
РИА Новости мәліметінше, осы жағдайлардан кейін, 2 шілде күні Ресей Федерация кеңесінің мүшесі Андрей Клишас Әзербайжанды "Ресей азаматтары үшін қауіпсіз емес ел" деп атады.
Бакудегі Ресей елшілігі де кейінгі бір күн ішінде Әзербайжан аумағындағы Ресей азаматтарынан көп шағым түскенін хабарлады. Шағым иелері тұрып жатқан үйлеріне қарапайым киімдегі адамдар келіп, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қандай мақсатпен жүргендерін сұрап, құжаттарын тексергенін айтқан. Кейбірі өзіне немесе отбасына күш қолданылғанын да жеткізген.
Екі ел арасындағы жағдай осылайша ушығып отыр. Әзербайжан тарапы ресми түрде алаңдаушылығын білдірсе, Ресей тарапы өз азаматтарының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін мәлімдеп отыр.