Атырау маңындағы ауылда екі күн ішінде бір мектепте оқыған екі жасөспірім суицид жасап қайтыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Атырау маңындағы Геолог ауылында 2 және 3 шілдеде суицид жасаған жасөспірімдердің денесі табылған. «Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, екі бала да Атыраудағы бір мектепте оқыған.
2 шілдеде 14 жастағы ұл баланың денесі табылған – ол жеке үйдің ауласында асылып қалған. Келесі күні, 3 шілдеде, 15 жастағы қыз баланың өлімі туралы хабарланды – ол тұрғын үйдің екінші қабатынан табылған.
Полиция бұл фактілер бойынша қылмыстық істер тіркеді, алайда суицид себептері әзірге белгісіз.
ОҚУШЫЛАР ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ
Марқұм болған жасөспірімдер бір мектепте оқығанын оқу орнының директоры Айғаным Махметова растады. Оның айтуынша, ұл бала 9-сыныпты бітіріп, жуырда аттестат алған.
– Өте мейірімді, жарқын мінезді бала еді. Көпбалалы отбасынан шыққан, отбасына жақын, үлкендерді сыйлайтын, достарының жанында жүретін, тәртіп бұзбайтын, үнемі күліп жүретін, – деді мектеп директоры.
Ал қыз бала 10-сыныпта оқыған. Махметованың айтуынша, ол мектептің озат оқушыларының бірі болған.
– Озат, белсенді, көпбалалы отбасынан шыққан. Жауапкершілігі мол, өте қайырымды қыз еді. Неліктен бұлай болғанын білмейміз, бұл бүкіл мектеп ұжымы үшін ауыр қайғы. Өте өкінішті – екеуі де тәрбиелі, жақсы балалар еді, – деді директор.
Мектеп әкімшілігінің айтуынша, жыл бойы жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу бойынша тұрақты іс-шаралар жүргізіліп отырған.