×
533.61
621.07
6.78
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
533.61
621.07
6.78

Күлге айналған базар, мойында қалған қарыз: Big Шанхай кәсіпкерлері енді не істемек

Бүгін, 16:40
Күлге айналған базар, мойында қалған қарыз: Big Шанхай кәсіпкерлері енді не істемек
Ulysmedia коллажы

Астанадағы ең ірі базарлардың бірі – "Big Шанхайда" болған алапат өрттен кейін сауда қатарлары қаңырап бос тұр, сатушылардың орындары мен тауарлары толық жанып кеткен. Кәсіпкерлер тек дүние-мүлкінен емес, табыс көзінен де айырылды. Әрқайсының артында – отбасы, несие, міндеттемелер тұр. Енді қала билігі мен базар әкімшілігі не істемек? Зардап шеккендерге қандай көмек уәде етілді? Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР ЕНДІ НЕ ІСТЕМЕК?

Төтенше жағдайдан кейін бірден өрт болған жерде жедел штаб құрылды. Таң атысымен сол маңға дүңгіршегі жанып кеткен кәсіпкерлер ағылды. Олардың сұрағы көп – жалдау ақысы, несиелер, салықтар. Үш қабатты ғимаратта 250-ден астам кәсіпкер жұмыс істеген. Бүгін оларға “Жалғыз қалдырмаймыз” деген уәде берілді.

– Барлық қажетті жұмыс атқарылып жатыр. Кәсіпкерлер жұмыссыз қалмайды. Бәрін қалпына келтіреміз. Кәсіпкерлер шығын туралы деректерді бізге беріп жатыр, – деді базар әкімшілігінің өкілі Тоғжан Түйтебекова.

Әзірше нақты қанша кәсіпкер зардап шеккені белгісіз – тізім жасалып жатыр. Қала әкімдігі кәсіпкерлерге өтініш тапсырудан бастап, мүлкін қалпына келтіруге дейін барлық кезеңде қолдау көрсететінін айтты.

– Кәсіпкерлердің күнделікті байланыста болатын барлық тараппен – банктермен, салық органдарымен жұмысты ұйымдастыруға көмектесеміз. Әкімдік мүлік пен құқықтарын қалпына келтіру жауапкершілігін мойнына алады, – деді қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов.

УӘДЕ КӨП, СЕНІМ АЗ

Кәсіпкерлердің өзі бұл уәделерге толық сене алмай отыр. Корея косметикасын сатумен айналысқан Сәния есімді әйел өтініш жазғанымен, әлі нақты жауап болмағанын айтты:

– Айтуларынша, банктен несие бойынша жеңілдік сұрауға болады. Басқа ештеңе айтылған жоқ. Тек өтініштер қабылданды. Шағын ғана сауда орным болды, шамамен 2 млн теңге шығын келді.

Нұргүл есімді сатушы нан өнімдерін сатқан. Оның да тауары түгел өртеніп кеткен.

– Бүкіл ақшамыз бен тауарымыз базар ішінде еді. Қазір не боларын білмейміз. Барлығымыз бәрінен айырылдық.

“БӘРІН ЖОҒАЛТТЫҚ”

Кәсіпкерлердің көбі тауар сатып алу үшін көп көлемде несие алған. Бұл олардың жалғыз табыс көзі болған.

– Ерлер мен әйелдер киімін сататын едік. Үлкен несие алғанбыз. Бәрі жанып кетті. Енді не боларын білмейміз. Шығынды қалай есептейді? Ақшамызды қайтара ма? – дейді кәсіпкердің бірі.

Кейбір тауарлар тіпті сақтандырылмаған. Өрт туралы хабар таңғы сағат 03:05-те түскен. Осы кезде үш қабатты ғимарат толықтай отқа оранған.

– Еш болмаса, біраз тауарымды алып қаламын деп үміттеніп едім, бірақ бізді базар аумағына кіргізбеді. Бәрінен айырылдым, – деді көзіне жас алған кәсіпкер әйел.

НЕСИЕНІ ШЕГЕРУ

Әкімдік зардап шеккендерге несие төлеуді шегеру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алайда бұл үшін құжаттар қажет. Міндетті құжаттардың бірі – жалдау шарты.

– Көп кәсіпкерде жалдау келісімшарты болды. Шамамен 100-дей адамда. Қазір 50-ден астам адам өтініш жазды, – деді Байқоңыр ауданы ТЖБ-ның бас маманы Аян Кантен.

Өтініш берілген соң жауап 15 күн ішінде беріледі.

– Егер шығын расталса, біз арнайы анықтама береміз. Ол арқылы салық органдарына, банктерге барып, жеңілдік сұрай алады, – деп түсіндірді ол.

ӨРТ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Өрт 18 шілде күні таңғы 03:05-те басталған. “Big Шанхай” базарының үш қабатты ғимараты өртенді. №7 мамандандырылған өрт бөлімінің қызметкері қара түтінді бірінші болып көріп, дабыл қаққан. Өрт сөндірушілер келгенде ғимарат толықтай отқа оранған, сыртқы қабырғалардың температурасы 800°C-қа жеткен. Өртті сөндіруге 15 сағаттан астам уақыт кетті. Жалын 30 113 шаршы метр аумақты шарпыды.

Өрттің нақты себебі әзірше белгісіз. Кей кәсіпкерлер қасақана өрт қоюы мүмкін екенін айтып отыр. Базар әкімшілігі өрт дабыл жүйесі жұмыс істегенін мәлімдеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің тез таралғанын, аумақта тез тұтанатын материалдардың көп болғанын айтты. Қалың түтін мен жоғары температура да жағдайды қиындатқан. Сауда павильондарының тығыз орналасуы да өртті сөндіруге кедергі келтірген.

Салдарынан жүздеген кәсіпкер тауарынан, табыс көзінен айырылды. Көпшілігінің бизнесті қайта бастауға мүмкіндігі жоқ.

Серіктес жаңалықтары