Әнші Қайрат Нұртастың әкесі Айдарбек Нұртас "қазақ халқы мен мұсылмандарға тіл тигізген қарағандылық қызды кешірейік" деп мәлімдеген блогерге жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БЛОГЕР НЕ ДЕП ЕДІ
Instagram әлеуметтік желісінде Kz Life Story парақшасының авторы қазақтар мен мұсылмандарға тіл тигізген Алика Мұхамадиеваны кешіру керегін айтып, үндеу жасаған болатын.
- Қыз жасаған ісіне қатты өкініп отыр. Ол бірнеше видеоүндеу жасап, кешірім сұрады. Түрмеге қамамауды, кешірім сұрауға мүмкіндік беруді өтінді. Ол бұл жазбаны ойланбай жариялағанын мойындады. Халқым, сәл болсын адамгершілік танытайық. Бір рет болса да кешірім берейікші. Адамның өкініп отырғаны көрініп тұр. Жанында күйеуі де, баласы да бар, толыққанды отбасы. Мүмкін, жай ғана лайк үшін жазған шығар солай. Мүмкін, танымал болғысы келген шығар. Бәлкім, бір күнде Қазақстанға «әйгілі» болудың ең оңай жолы — осындай хейтерлік жол деп ойлаған болар. Алайда, салдары өте ауыр екенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайдан оңай құтылу мүмкін емес. Оның үстіне, қазір қылмыстық жауапкершілік те туындауы мүмкін. Сондықтан, достар, мұндаймен ойнауға болмайды. Ал егер біреу бұл қызды кешіре аламын десе пікір жаза кетіңіз. Мүмкін, алғаш рет болса, оған бір мүмкіндік беру керек шығар…, – дейді блогер.
АЙДАРБЕК НҰРТАС ҚАРСЫ ШЫҚТЫ
Блогердің бұл жазбасына Айдарбек Нұртас қарсы шықты.
- Қарағандылық қызды “кешіріңіздер, ол білмей қалыпты, сондай сөздерді айтып, парақшасының танымалдығын арттырайын деген шығар” деп сөйлеп жатыр екен. Біріншіден, сол ініме айтып кететінім, інім, айналайын, мұндай қателік жасама, керегі жоқ. Мен елге белгілі отбасы ретінде сөйлеп отыр деп ойлап қалулалырыңыз мүмкін. Бірақ ол олай емес. Менің отбасымды бүкіл Қазақстан таниды. Бірақ мен басқа ұлттың атына кір келтіріп, “сен мәмбетсің” деп отбасымның атын шығарған емеспін. Сондықтан інім, саған айтарым, мынандай жағдайды қолдаудың тіптен қажеті жоқ. Тұтас ұлтты қаралап, “сен шошқасың, сен малсың” дегені миыма сыймайды. Солай атын шығарамын деп, ал сенің оны қолдап тұрғаныңа менің қарным өте ашып тұр, дейді Айдарбек Нұртас.
ЗАҢ ОРГАНДАРЫНА ҮНДЕУ
Айдарбек Нұртас жоғарыда отырған заң органдарына үндеу жасады.
- Ол оның отбасынан келе жатқан нәрсе, шаңырағында екі күннің бірінде сондай әңгіме болады деген сөз. Мен отырып алып, ешқашан орыс мәңгүрт, өзбек мал немесе қырғыз оңбаған деп айтқан емеспін. Жеке бір қазақ ұнамай қалса айт. Ал бүкіл Қазақстанға оны қолдап шықпай-ақ қой. Сондықтан жоғарыда отырған заң органдары, сіздерге айтарым: бұған ешқандай кешірім болуы мүмкін емес. Айыппұл да салмау керек. Қазір мен “анау ұлт мынандай, мынау мынандай” десем мені айыппұлмен қайтарасыздар ма? Жоқ. Қамалуы керек, дейді Айдарбек Нұртас.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Еске салайық, Алика Мұхамадиева Threads желісіндегі бір жазбаның астындағы пікірлерде қыз қазақтар мен мұсылмандарды қорлаған болатын. Артынша ол ұлтаралық араздық қоздырды деген күдікпен екі айға қамауға алынды.