Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Руслан Берденовтің қызметінен кетуіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай.
Журналистер сұрағына жауап берген Сәрсен Құранбек әріптесі Руслан Берденовтің қызметінен кете ме, жоқ пе білмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені Берденовтің өзі немесе жоғары органдар шешеді.
«Адам белгілі бір лауазымда жұмыс істей ме, жоқ па ол оның өз қалауы, мен әріптестерімнің қалауына немесе шешіміне түсініктеме бере алмаймын. Мұны олардың өздері және жоғары органдар анықтайды. Мүмкін ол қалғысы немесе кеткісі келеді, мүмкін бұл оның денсаулығына байланысты, мен онымен мұны талқыламадым және түсініктеме бере алмаймын», – деді ол.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылғаны жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен оқ атқан «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембай екені айтылған.
Контекст
6 тамызда өткен сот отырысында Ернар Жиембай өзіне тағылған «Адам өлтіруге оқталу» бабымен келіспейтінін, аңшы мылтығымен шенеунікті әншейін қорқытқысы келгенін, өлтіруге оқталмағанын айтты.
Ол сотта Берденовке не себепті оқ атқанын түсіндірген.
«Себептердің бірі - қызғаныш. Жұбайым Берденовтің туыстарымен араласады және үнемі оны үлгі ететін. «Оның бұлшықеттері бар, костюмі қандай әдемі, қымбат» деп. Жұмыста да үнемі қысым жасалатын, намысқа да тиді. Жұбайым ажырасамын деп сотқа арыз түсірді. Берденов оған үнемі лайк басатын. Комплимент жазды» деген Ернар Жиембай сотта.