Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жүк көліктерінің жалпы қолданыстағы жолдармен жүруіне тыйым салу туралы шешімді толық қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Сауранбаевтың айтуынша, ауыр жүк көліктерінің жолға шығуы Қазақстанға жол құрылысына жұмсалған триллиондаған теңгені жоғалтуға әкеледі.
– Бұл дөңгелектегі бір вагон секілді – салмағы 60 тонна. Біздің жолдар мұндай жүктемеге бейімделмеген. Сәйкесінше, біз автожолдар салуға триллиондаған теңге жұмсаймыз, ал осындай көлік шықса, жол аз уақыт ішінде-ақ бұзылады. Мысалы, біз Астана – Павлодар трассасы бойынша мәселе көтердік. Ол жерде көмір кен орындары бар. Сол учаскелердің өте тез бұзылатыны бірден байқалады. Біз бұл триллиондарды екі-үш карьердің мүддесі үшін ғана құртып отырмыз. Министрлік бұған қарсы күресетін болады. Жолдар тек соған арналған көліктер үшін қолжетімді болуы тиіс, – деді министр.
КОНТЕКСТ
2026 жылдан бастап Қазақстан жолдарында салмағы рұқсат етілген нормадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына толықтай тыйым салынады. Көлік министрлігінің мәліметінше, жүк көліктері елдегі барлық жүк көлігінің шамамен 35%-ы. Олардың жүксіз өз салмағының өзі 12 тоннадан асады, бұл жол жабындысының тез тозуына әкеліп соғады.