Абай облысының Үржар ауданынан жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екі баланы жеткізу үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) санитариялық авиация борты Астана қаласына ұшып шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Пациенттерді Астана қаласындағы №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасына емдеуге жатқызу туралы шешім қабылданды.
- Бортта балаларға медициналық көмек көрсету үшін ҰШМҮО реаниматологы Е. Шақан, Астана қаласының №2 Көп бейінді қалалық балалар ауруханасының травматологы Н. Жакипов және Ұлттық нейрохирургия орталығының (ҰНХО) нейрохирургы С. Сейтбеков дәрігерлер бригадасы құрамы қалыптастырылды, делінген хабарламада.
Оқиға орнында бірден аудандық ауруханада облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан құрылған мультитәртіптік бригада толық диагностикалық зерттеу жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайына бағалады және жедел емдеу жоспарын жасады.
Бала жағдайының тұрақсыздығы ескеріле отырып, пациенттердің бірі – тоғыз жасар қыз бала Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Д. Каримовтың бақылауымен жағдайы тұрақталғанға дейін стационарда қалдырылды.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
19 тамызда таңертең Үржар ауданының Бестерек ауылында жантүршігерлік жол апаты болды. Полиция дерегінше, Toyota маркалы автокөлікті тізгіндеген 55 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, жолдың небәрі он метрдей жерінде тұрған балаларды қағып кеткен. Соның салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмды, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Үш бала жансақтау бөлімінде жатыр.