Алматы облысының Қонаев қаласындағы мамандандырылған тергеу сотында фермер әрі қоғамдық белсенді Алмасбек Садырбайға қатысты бұлтартпау шарасы қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Сот оны тағы екі айға — 2025 жылғы 5 қарашаға дейін қамауда қалдыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, қамау мерзімі бір жылға жетіп отыр. Бұл туралы сот залында болған қоғам қайраткері Санжар Боқаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Садырбайға қатысты қозғалған іс саяси астары бар, себебі ол ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жемқорлық тақырыбын көтеріп жүрген.
– Маған жаңа ғана қоңырау шалды: сыныптасымның әкесі «Қазатомпром акциялары» жайлы алаяқтардың сөзіне алданып, ақша салыпты. Ал ол алаяқтар бостандықта жүр, ешкім оларды ұстамайды. Ал ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жемқорлықты көрсетіп, шындықты айтқан адамдарды, мысалы Алмасбекті, табады да, ойдан баптар шығарып, түрмеге отырғызады, – деді Боқаев.
Қазір Садырбай Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
КОНТЕКСТ
Алмасбек Садырбай – фермер және қоғамдық белсенді, «Шаңырақ» бірлестігі мен Shopan-ata қой өсірушілер ассоциациясын басқарған. Ол 2024 жылғы қарашада ұсталған. Тергеу мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында ол сыбайластарымен бірге жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастырып, шамамен 1,2 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидияны заңсыз иемденген. Ақша нақты қызмет көрсетілмей, немесе жұмыс атқарылмай, байланысы бар кәсіпорындардың есепшотына аударылған делінген.