ІІМ қазақстандықтарға қай уақытта шулауға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Krisha басылымының мәліметінше, тұрғындарға пәтерлерде және аулаларда сағат 22:00-ден 9:00-ге дейін шулауға тыйым салынған. Тұрғын аудандардағы ойын-сауық орындары үшін ереже сәл өзгеше: жұмыс күндері – 22:00-ден 9:00-ге дейін, демалыс күндері – 23:00-ден 10:00-ге дейін. Полиция азаматтардың шағымдарына жауап беріп, заң бұзушылықтарды тіркейді және қатты музыка, жөндеу жұмыстары, айқай-шу, отшашулар үшін айыппұл салады. Айыппұл көлемі құқық бұзушының санатына байланысты.
АЙЫППҰЛ
Тыныштықты бұзу ҚР Әкімшілік кодексінің 437-бабына сәйкес жазаланады:
жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге, 2025 жылы 1 АЕК = 3932 теңге);
шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК (78 640 теңге);
орта бизнеске – 30 АЕК (117 960 теңге);
ірі бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге).
Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі еселенеді (ірі бизнеске қатысты – 150 АЕК).
КОНТЕКСТ
ІІМ мәліметінше, былтыр тыныштықты бұзғаны үшін 108 мыңнан астам адам мен ұйым айыппұл төлеген. Жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан. Ал биылғы 8 айда 82 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркеліп, 1,3 млрд теңгенің айыппұлы салынған. Аймақтар арасында заң бұзу деректері бойынша көш бастағандар – Астана, Алматы, Қарағанды және Маңғыстау облыстары.