ҚР Бас прокуратурасы жанындағы активтерді қайтару комитеті Нұрбол Назарбаевқа қатысты сот ісін қозғады. Сот өткен, алайда оның мән-жайы әлі күнге дейін жарияланбаған. Журналистер мен мәжіліс депутаттары тұңғыш президенттің жиенінен нақты қандай мүлік алынғанын, тәркіленген активтер халыққа пайда әкеле ме, сондай-ақ олардың ішінде рейдерлік жолмен иемденілген нысандар бар ма деген сауалдарға жауап іздеуде. Ulysmedia.kz те осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Мәліметтер аз
Бұл істі ҚР Бас прокуратурасының активтерді қайтару комитеті талапкер ретінде қозғағаны, ал жауапкер ретінде Н. Назарбаев болғаны қыркүйектің басында белгілі болды. Іс жабық өткендіктен, ақпарат өте аз. Белгілісі – сот шешімімен Нұрбол Назарбаев 57 млрд теңге көлеміндегі активтерінен айырылды, олар мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек, оған 925 млн теңге айыппұл және 230,4 млн теңге өсімпұл салынды.
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың депутаттық сауалына сәйкес, Нұрбол Назарбаевтың барлық банк шоттары бұғатталған, ал компания кірістері мен жеке мүлкін басқару құқығынан айырылған. Бірақ бұдан кейін не болары белгісіз.
– Қоғамда бұл отбасының рейдерлік жолмен иемденген базарлары мен Алматы және облыста заңсыз алған жер телімдері туралы әңгіме көптен бері айтылып келеді. Әсіресе атышулы «Алтын Орда» базары жиі аталады. Алайда аталған нысандар жоғарыда көрсетілген тәркіленген активтердің қатарында бар ма, әзірге белгісіз. Себебі істердің мән-жайы ресми жария етілмеді, – дейді Ринат Зайытов.
Ол бас прокуратурадан Нұрбол Назарбаевқа тиесілі компаниялар мен активтерді түгендеп, олардың заңдылығын анықтауды, заңсыздарын мемлекетке қайтаруды сұрады. Сондай-ақ қандай мүліктің нақты тәркіленгенін жариялап, «Алтын Орда» базары мен Алматы мен облысындағы заңсыз алынған жерлер бойынша бөлек тергеу жүргізуді талап етті.
Неге прокурорлар үнсіз?
Мәжіліс кулуарында өткен брифингте журналистер де активтерді қайтару компаниясы мен Нұрбол Назарбаев арасындағы сот ісінің мән-жайын білуге тырысты. Алайда бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұл істің қандай да бір мәліметін ашудан бас тартты.
– Мен «Активтерді қайтару туралы» заңның 8-бабымен шектелгенмін, сондықтан ешқандай егжей-тегжейін айта алмаймын, – деп қысқа ғана түсініктеме берді Қойгелдиев.
Ол бас прокуратура Нұрбол Назарбаевқа қандай айып таққанын да, оның өзі қайда екенін де, мемлекет кірісіне нақты қандай мүліктің өткенін де айтпады.
Бұған дейін
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта іс қарала бастаған болатын. Талапкер ретінде Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару комитеті, ал жауапкер ретінде Назарбаев Н. Б. көрсетілген.