Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Кәрімованың Швейцариядан елге қайтарылған қаражатын басқаратын «Ишонч» («Сенім») қорының басқарушы комитеті $20 млн қаржыны ауыл мектептерін жақсартуға бағыттау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖОБА ТУРАЛЫ
Аталған қаражат «Климаттың өзгеруіне тұрақтылықты қалыптастыру және мектептерде сумен жабдықтау, санитария мен гигиенаны жақсарту» жобасына бөлінеді. Жоба Өзбекстанда биылғы жылдың 1 қазанынан басталмақ.
ҚАЙ МЕКТЕПТЕР ҚАМТЫЛАДЫ
Жоспарға сәйкес, республика аумағындағы кемінде 45 ауыл мектебі жөндеуден өткізіледі. Мектептер ауыз сумен, заманауи санитарлық жағдайлармен, жылыту жүйесімен және экологиялық таза энергия көздерімен қамтамасыз етіледі. Бұл шаралар энергия тұтынуды 30%-ға, ал парниктік газдар шығарындыларын 50%-ға қысқартуға мүмкіндік береді.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Швейцария мен Өзбекстан Гүлнара Кәрімованың тәркіленген активтерін қайтару туралы келісімге қол қойды. Өзбекстанның әділет министрлігінің мәліметінше, 6 ақпанда қол қойылған келісім аясында 182 миллион доллар көлеміндегі қаражат Швейцариядан Өзбекстанға аударылады.