×
544.26
634.72
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
544.26
634.72
6.52

Қасқасу курорты: серпін бе, тәуекел ме?

Қасқасу курорты: серпін бе, тәуекел ме?
Ulysmedia

Қазақстанда туризмді дамытуға миллиардтар құйылып келеді. Әр жолы жаңа курорттар мен демалыс аймақтары аймақтық экономиканы көтереді, жұмыс орындарын ашады деген уәде айтылады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, көптеген жобалар аяқсыз қалып, бөлінген қаражат күткен нәтиже бермей жатады. Қасқасудағы тау-шаңғы курорты да осындай тәуекелдің алдында тұр. Ресми мәлімет бойынша, жобаның толық аяқталуы 2029 жылға жоспарланған, ал алғашқы миллиардтар қазірдің өзінде игерілуде.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Қаріпбаевтың ақпарынша, жобаның толық аяқталуы 2029 жылға белгіленген. Яғни, әлі төрт жыл бойы құрылысқа ақша құйылады. Ал әкімдік қазірдің өзінде инфрақұрылымға 3 млрд теңге бөліп үлгерген – электр желісі, кәріз жүйесі, қосалқы станция. Бірақ қазақстандық тәжірибе көрсеткендей, мұндай қымбат жобалардың бастапқы бағасы уақыт өте келе бірнеше есе өсіп кетеді.

Жаңа туристік нысан аймақтың дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашпақ. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашады деп күтілуде.

-Аталған жоба бізге жақсы таныс. Түркістан облысының әкімдігі хабарлағандай, курорт құрылысының жалпы құны шамамен 46 миллиард теңге. Ал әкімдік тарапынан инфрақұрылымға шамамен 3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы электр желісін тартуға, кәріз жүйесін салуға және қосалқы станция құрылысын жүргізуге жұмсалды, – деді Қаріпбаев.

ӨТКЕНДІ ҚАЙТАЛАУЫМЫЗ МҮМКІН БЕ?

Қазақстанда осындай «туристік жобалар» бұрын да қолға алынған. Миллиардтар бөлінді, бірақ инфрақұрылым аяқсыз қалды немесе халық күткен нәтиже бермеді. Мәселен, “Қаралма” тау-шаңғы кешенінің тағдыры. Былтыр мәжіліс депутаттары  осы мәселені көтерген. Олардың дерегінше, 2018 жылы басталған жобаның құрылысы қаржы тапшылығына байланысты 2020 жылдан бері тоқтап тұр. Нысанның 80-85%-ы ғана аяқталған, ал жұмысты бітіру үшін қосымша 3,1 млрд теңге қажет екен. Айта кету керек, бұл жоба қолға алынғалы аймақта төрт әкім ауысқан.

Депутаттар кешенді қайта жандандыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдануды немесе қажет болса, жобаны мемлекет меншігіне алуды ұсынды. Айтуларынша, 4,8 млрд теңге игерілгенімен, “Қаралма” секілді ірі бастамалардың аяқсыз қалуы — жүйелік мәселе. 

Ал, биыл жазда ғана Алакөл жағалауының жағдайына Президент сын айтып, 700 млн тг жуық қаражат бөлінген. Бірақ, онда да негізгі мәселелер шешілмей, аяқсыз қалды. Жергілікті билік аймақтағы проблемалар екі жылдан кейін толық шешіліеді-міс. 

КОНТЕКСТ

Қазақстанның туризм саласы – түбі тесік шелек сияқты, оны дамытамыз деп ондаған жыл бюджеттен ақша құйып келеміз, бірақ елге келетін туристер саны көңіл көншітпейді. Туризм министрлігінің мәлімтенше, соңғы жарты жылдықта 7,5 миллион шетелдік қонақ келген. Оның ішінде 5 миллионы елде бір тәуліктен артық уақыт өткізген. Шенеунік бұны “елдің туризм саласы үшін маңызды жетістік” ретінде бағалады. 

Серіктес жаңалықтары