2025 жылдың 30 қыркүйегі Алматы тарихына енеді. «Қайрат» пен мадридтік «Реалдың» ойыны – жылдағы ең көп күткен спорттық оқиға, футболға бұрын қызықпағандар да назар аударып отыр. Қалада мерекелік көңіл күй: Орталық стадионның маңында екінші күн қатарынан жанкүйерлер легі, көшелерде туристердің қарасы көп, ал ірі LED-экрандарда алматылық командаға қолдау сөздері көрсетіліп жатыр. Бірақ сол сәтті оқиғаны баяндауы тиіс көптеген БАҚ өкілдері стадионға кіре алмайтын болды. Ulysmedia тілшісі неге олай болғанын анықтады.
Не болды?
«Қайрат» ФК баспасөз қызметінің мәліметінше, матчқа Қазақстан, Испания, Франция, Италия және басқа елдердің БАҚ-тарынан 550-ден астам өтініш түскен. Алайда шамамен 95%-ы қабылданбады. Негізгі себеп – Орталық стадионның мүмкіндігі көп журналист сыйдыруға жетпейді. Бастапқыда баспасөз қызметкерлеріне арналған аймаө 66 орынға лайықталған. Қосымша орындықтар қойылған соң сыйымдылық шамамен 100-ге жеткен. Бірақ оның 70-ін шолушылар, комментаторлар, техникалық қызметкер, УЕФА өкілдері және «Реалдың» баспасөз қызметі алып қойған. Журналистер үшін бар болғаны 25–30 орын қалды. Бұл жағдай кәсіби ортада талқылау тудырды, себебі мұндай бөлініс жоғары санатты ареналарға арналған УЕФА стандарттарына толық сәйкес келмейді.
Қалай болуы тиіс?
Орталық стадион ресми түрде УЕФА-ның төртінші санатына ие – бұл Лига чемпионаты матчтарын қабылдауға мүмкіндік беретін ең жоғарғы деңгей. Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының регламентінде ареналардың инфрақұрылымына қойылатын талаптар егжей-тегжейлі көрсетілген: алаңның көлемінен бастап, медпункттер мен киім ауыстыратын бөлмелердің орналасуына дейін.
Журналистер
УЕФА сайтында 4-санатты аренада жазбаша БАҚ пен радиокомментаторларға арналған ең аз дегенде 60 жабық орын болуы керегі жазылған. Оның кемінде 30-ы жұмыс үстелімен жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар, трибунадан бөлек, міндетті түрде пресс-орталық қарастырылуы қажет. Ол жерде жұмыс үстелдері, электр қуаты және интернет болуы шарт. Регламент бойынша ең кемінде 30 жұмыс орны болуы тиіс.
Комментаторлар
Комментаторларға арналған орын – бөлек санат. 4-санатты стадион үшін УЕФА ережесінде ең аз дегенде 10 комментаторлық орын талап етіледі.
Орындар қатарында басқа комментаторлардың өз позициясына еркін өтуіне жеткілікті кеңістік болуы керек, – делінген құжатта.
Фототілшілердің де өз жұмыс аймағы болуы тиіс: үстел, орындық, розетка және тұрақты интернетпен. Бұл санаттағы стадион үшін ең аз дегенде 20 жұмыс орны қарастырылуы керек. Олар пресс-ложаның ішінде бөлек сектор бола алады, бірақ алаңға тікелей шығатын жеке аймақ болғаны жөн.
Фото: «Эмирейтс» стадионындағы журналистерге арналған жұмыс орны, flatvision.co.uk.
Айтпақшы, БАҚ-қа орын жетпеуі – алматылық стадиондағы жалғыз мәселе емес. Биыл жазда қазақстандықтар әжетханалардың жағдайын қызу талқылаған, ал қыста Конференциялар лигасы матчы алдында трибуналарды уақытында тазаламағаны үшін стадион басшысы қызметінен босатылған. Жалпы алғанда, арена ескірген және жаңғыртуды қажет етеді. Бұл сұрақ футбол клубына емес, қала билігі мен спорт шенеуніктеріне көбірек қатысты.
Айта кетейік, «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы Астана уақытымен 21:45-те басталады.