АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі үкімет жұмысының уақытша тоқтауына (шатдаунға) байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
- Үкіметтің қаржыландыруы мен жұмысының уақытша тоқтауына байланысты бұл аккаунтта жаңартулар үнемі жарияланып тұрмайды. Тек шұғыл қауіпсіздік пен қорғауға қатысты хабарламалар ғана жарияланады, – делінген елшіліктің Instagram-парақшасында.
Қазіргі уақытта АҚШ-та және шетелдегі елшіліктер мен консулдықтарда қолдағы мүмкіндіктер аясында төлқұжат беру және транзиттік визалар рәсімдеу қызметтері жалғасуда.
- Қаржыландыру толық қалпына келгенге дейін бұл аккаунт жаңартылмайды. Тек шұғыл қауіпсіздік пен қорғауға қатысты хабарламалар жарияланады. Қызметтеріміз бен жұмыс тәртібі туралы ақпаратты travel.state.gov сайтынан таба аласыздар, – деп көрсетілген хабарламада.
КОНТЕКСТ
АҚШ-та жарты түннен бастап үкіметтің жұмысы ресми түрде тоқтатылды – бұл соңғы жеті жылдағы алғашқы шатдаун. Бұған Конгрестегі келіспеушілік себеп болды: демократтар денсаулық сақтау мәселелерінде жеңілдіктерсіз республикашылдардың қаржыландыру пакетін қолдаудан бас тартқан.
ШАТДАУН ДЕГЕН НЕ?
Мемлекеттік қызметтердің кейбірі – әскер, әуе қозғалысын реттеу немесе әлеуметтік төлемдер – заңмен қорғалған және бюджет қабылданбаса да жалғаса береді. Алайда шығындардың көп бөлігі, яғни “дискрециялық” шығыстар жыл сайын 12 жеке заң жобасы арқылы бекітілуі тиіс. Бұған ұлттық парктер, білім беру, фермерлерді қолдау, реттеуші органдар және басқа да маңызды, бірақ “өмірлік қажет” саналмайтын қызметтер кіреді.
Егер Конгресс бұл заң жобаларын немесе уақытша қаржыландыруды бекітіп үлгермесе, үкіметтің бір бөлігі жұмысын тоқтатады – бұл шатдаун деп аталады. Bipartisan Policy Center дерегінше, 1980 жылдан бері АҚШ-та 14 шатдаун тіркелген.