Алматылық "Қайраттың" 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмұрза биылғы Чемпиондар лигасында соққы қайтару көрсеткіші бойынша үздік үштікке кірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
УЕФА-ның ресми сайты жариялаған статистикаға сәйкес, жас қақпашы екі турда 11 сейв жасады. Бұл көрсеткіш бойынша тек "Марсельдің" қақпашысы Херонимо Рулья (15 сейв) мен "Пафостың" қақпашысы Михаил Неофитос (13 сейв) озып тұр.
Айта кетейік, бұл көрсеткіш Шерханды әлемдік деңгейдегі жұлдызды қақпашылардан да жоғары қойды. Мәселен, "Манчестер Ситидің" ең қымбат қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма бар болғаны үш соққыны қайтарып, екі гол жіберген. Ал "Реалдың" қақпашысы Тибо Куртуа сегіз сейв жасап, бір гол жіберді.
Шерхан Қалмұрза екі ойында тоғыз гол өткізгенімен, "Спортингке" қарсы кездесуде пенальти соққысын қайтара алды. Ал "Реалға" қарсы ойында көрсеткен шеберлігінен кейін ол Куртуа тарапынан құрметке ие болып, Instagram-да жүздеген мың жаңа жазылушы жинады. Қазір ол – елдегі ең танымал футболшы. Дәл қазір Шерханның инстаграмм желісіндегі парақшасында 334 мың оқырман бар.
Бұған дейін УЕФА Шерхан Қалмұрзаның сейвін Чемпиондар лигасындағы ойын күнінің үздік төрт сейвінің қатарына енгізген болатын.
БҰҒАН ДЕЙІН
Ulysmedia тілшісі «Қайраттағы» шетелдік ойыншыларға шолу жасап, олар жанкүйерлер үмітін ақтай ала ма деген сауалға үңілген еді.