×
547.57
642.63
6.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
547.57
642.63
6.68

Қопадағы оқушы өлімі: айыпталушыларға қандай үкім кесілді

Бүгін, 19:35
Қопадағы оқушы өлімі: айыпталушыларға қандай үкім кесілді
Ulysmedia коллажы

Актөбе облысында 9-сынып оқушысының өліміне қатысты алты мектеп оқушысына үкім шығарылды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛҒАН

Айыпталушылар ретінде алты жоғары сынып оқушысы қарастырылған. Ал жәбірленуші ретінде 13 оқушы танылған, олардың ішінде қайтыс болған бала да бар. Іс жабық тәртіпте қаралды. 

СОТТА НЕ АЙТЫЛДЫ

«Кәмелетке толмаған айыпталушылар кінәларын ішінара мойындап, жасаған істеріне өкініш білдірді. Прокурор әрқайсына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдері бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза беруді өтінді», – деп мәлімдеді сот.

СОТ ҮКІМІ

Бес оқушыға «бұзақылық» және «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» баптары бойынша айып тағылды. Ал алтыншысына тек «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен айып тағылған.

Нәтижесінде үш оқушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Тағы үшеуі — кінәсі дәлелденбегендіктен ауыр бап бойынша ақталды, бірақ «бұзақылық» бабымен кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ сот бір сотталушының ата-анасын қаза тапқан оқушының отбасына 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйек күні Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында болған. Сол тұста Нұржанның әпкесі күдіктілер жауапкершіліктен сытылып кетуі мүмкін деп алаңдап, БАҚ-қа шыққан еді. Әпкесінің айтуынша, оқиға орнында Нұржанды қосқанда 19 адам болған. 11-ші сынып оқушылары төменгі сыныпта оқитын балаларды жинап, өздерінше тәртіпке салмақ болған. «Інім сол әрекеттен қайтыс болды» дейді Аяжан.

Оны 15-ке жуық оқушы жабылып сабаған. Бір сағат бойы аяусыз ұрып-соққан. Кейін барлығы оқиға орнынан ізін суытқан. Інім айдалада жалғыз қалып, азаптан өлді. Мұрны мен құлағынан көп қан кеткен. Өмірлік маңызды органдарына соққы тікелей әсер етті, – деген еді былтыр марқұмның туыстары.

Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов Нұржан Сыдықтың өлімі бойынша тергеуді жеке бақылауға алынғанын хабарлаған еді. “Үлкен балалар кішкентайларға сабақ береміз деп, бір-біріне ұрғызған” деген еді сол тұста бас прокурор. Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан бұл факт бойынша тергеу жүріп жатқанын жеткізген болатын.

Кейін марқұмның әпкесі Аяжан редакциямызға хабарласып тергеуге наразы екенін жеткізген еді.

Серіктес жаңалықтары