Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов қызметінен босатылды. Бұл шешім әлеуметтік желіде «Қонар ата» мешітінің азаншысы Жүніс Сартаевтың видеоүндеуі жарияланғаннан кейін қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Азаншының айтуынша, имам мешіт қызметкерлерінен жамағаттан коммуналдық қызметтерді төлеу үшін ақша жинауды талап еткен. Сартаев жиналған қаражаттың бір бөлігі мүфтиятқа жіберілетінін, ал қаржыға қатысты сұрақтар қойғанда имам тарапынан балағат сөздер естігенін мәлімдеді.
«Имам WhatsApp тобында бізге жамағаттан ақша жинап, коммуналдық төлемдерді өтеуді тапсырады. Мен бұл қаражатты жинап, Kaspi арқылы төлеймін — барлық түбіртек пен чек бар. Кейін жамағат: “Неге мешіт құрылысына түскен қаражаттан немесе садақадан төлемейсіз?” деп ренжиді. Осы сұрақтарды имамға қойғанымда, ол мені балағаттап, тіпті бейәдеп сөздер қолданды — бұған куәгерлер бар. Ол өзі 30% садақа мүфтиятқа жіберілетінін айтқан», — деді азаншы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Марат Асановтың 2025 жылғы 6 қазаннан бастап өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстанда 800-ге жуық имам жалақы алатынын хабарлаған едік.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) алғаш рет имамдарға жалақы 2021 жылы төлене бастағанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, дін қызметкерлері ең төменгі жалақы (85 мың теңге) алады.
ҚМДБ өкілдері жалақы ауылдық жерлердегі имамдарға, сондай-ақ медресенің үздік студенттері мен оқытушыларына төленетінін түсіндірді.