Шымкентте автогаз тапшылығы байқалуда. Жүргізушілердің айтуынша, газ құю бекеттерінде таңертең және кешке көлік кезегі көбейіп, алдын ала жазылуға мәжбүр болып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Қазақпаратқа" сілтеме жасап.
УАҚЫТША ТАПШЫЛЫҚТЫҢ СЕБЕБІ
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы бұл жағдайды автокөлік санының артуымен және ай соңындағы жеткізу кестесінің өзгеруімен байланыстырады.
– Автокөлік санының көбеюі мен ай соңындағы жеткізу кестесінің өзгеруіне байланысты Шымкентте шынымен де сұйытылған мұнай газының уақытша тапшылығы байқалуда. Біз Энергетика министрлігіне қосымша отын көлемін бөлуді сұрап өтініш жолдадық. Қазіргі таңда қосымша көлем бөлінді, мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр, – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
СТАТИСТИКА ЖӘНЕ ҚОСЫМША ФАКТОРЛАР
Шымкентте 463 мыңнан астам автокөлік тіркелген, олардың шамамен 15%-ы сұйытылған газды пайдаланады. Акиматтың мәліметінше, тапшылықтың тағы бір себебі – транзиттік көлік ағынының артуы. Түркістан облысынан келетін жүк көліктері мен жеңіл машиналар да Шымкенттегі газ құю бекеттерінде жанармай алады.
ЕЛДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ӨСІМ
2025 жылдың жазында Қазақстанда газбен жүретін көліктер саны бір жылда 36%-ға артқаны хабарланған. 1 маусымдағы мәлімет бойынша, елде 6,3 млн автокөлік тіркелген: олардың 86,5%-ы – жеңіл көліктер, 9,7%-ы – жүк көліктері, 1,9%-ы – автобустар, 1,9%-ы – мотокөліктер.