 
                    Еуропол Украина мен Молдова билігіне Ресейдің «Вагнер» және «Редут» жеке әскери компанияларымен байланысы бар, әскери қылмыстар жасады деген күдікке ілінген жалдамалыларды анықтауға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕУРОПОЛ 654 ЖАЛДАМАЛЫ САРБАЗДЫ ӘШКЕРЕЛЕДІ: ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ ДА БАР
Бұл туралы ұйымның ресми сайтында 31 қазанда хабарланды.
Тергеу барысында Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 654 жалдамалы анықталған. Олардың арасында Украина, Молдова, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Босния мен Герцеговина азаматтары бар. Күдіктілерге әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру, жыныстық зорлық-зомбылық сынды ауыр әскери қылмыстар тағылып отыр.
СУЫҚ ҚАРУ, ОҚ-ДӘРІ, ӘСКЕРИ КИІМ...
29 қазанда Украина мен Молдова аумағында «іс-қимыл күні» аясында 70 рейд жүргізілді. Операция кезінде атыс және суық қару, оқ-дәрі, әскери киім, электронды құрылғылар, сондай-ақ бейне және фото айғақтар тәркіленді. Бұл материалдар аталған елдердің азаматтарының Украина мен Конгодағы соғысқа қатысқанын дәлелдейді.
“МЕМЛЕКЕТКЕ ОПАСЫЗДЫҚ”
Украина билігі Еуропол арқылы 280 шетелдік азаматтың аты-жөнін өзге елдерге жолдады. Тергеу барысында жалдамалыларды жалдау және даярлау орындары, командалық құрылымдар анықталып, соғыс қылмыстары құжат жүзінде тіркелді. Қазіргі таңда Украинада 11 азаматқа «мемлекетке опасыздық» бабы бойынша айып тағылған.
 
            
             
            
             
            
            