 
                    «Тәуекел» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов әлеуметтік желіде маңызды жазба жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, соңғы уақытта көпбалалы жалғыз басты аналар өздерімен бірге Солтүстікке көшіп келіп, жаңа өмір бастағысы келіп жүргенін айтып хабарласып жатыр.
«Соңғы уақытта 4 баласы, 5, 6, 7 баласы бар жалғыз басты әйелдер көп хабарласып кетті маған. Бәрі Солтүстікке келіп жаңа өмір бастағылары келеді. Көшірейін десең, ауылдар қабылдамайды... Ал кей байлар ұстап отырған ауылдар мүлдем жолатпайды. Себебі оларға жұмысшы керек. Ал еркегі жоқ үй, ол байға тиімсіз», — деп жазады Дақанов.
Белсендінің айтуынша, ауылдар мен жергілікті шаруалар үшін еңбек күші бар ер адамдар тиімдірек саналады, ал көпбалалы аналар еленбей қалып жатыр.
«Ол байға, 8 баласы бар әйелге үй бергеннен көрі, 1 баласы бар трактористке жағдай жасаған анағұрлым тиімді», — дейді ол.
Дақановтың пікірінше, мәселенің түп-төркіні — көзқараста. Үкімет солтүстік өңірге жұмысшы тартуға тырысса, ол адам көшіруді, яғни тұтас отбасыны, тіршілік ететін қоғамды қалыптастыруды маңызды деп есептейді.
«Үкіметпен менің айырмашылығым осы. Үкімет Солтүстікке жұмысшы тасиды, мен болсам — адам көшірем. Біле білген адамға екеуінің арасы жер мен көк», — дейді белсенді.
Оның сөзінше, егер мемлекет Петропавл қаласында жаңа шағын аудан тұрғызып, жүздей көпбалалы отбасыны бірден орналастырса, онда бұл демографиялық тұрғыдан үлкен серпіліс болар еді.
«Шіркін, Үкімет мына Петропавлға бір микрорайон салып бергенде, мынадай жалғыз басты 100 отбасын бірден көшіріп тастасақ... Әр отбасыда орташа 4 бала дегенде — 400 бала. 400 қазақша сөйлейтін қара домалақ қазақтың баласы. Бір мектеп. Қаншама адами капитал!» — деп жазды ол.
Белсенді бұл ұсынысты іске асыру үшін ірі кәсіпкерлер мен меценаттарға да хат жолдағанын айтады.
«Мына 100 пәтер, 500 пәтер сыйлап жатқандарға бір адамдай хат жазып жатырмын. Өкінішке қарай, ойлағаным орындалар емес», — дейді Дақанов.
БҰҒАН ДЕЙІН
Дәл осы Бурахан Дақанов Петропавлдың қазақшаланып келе жатқанын сүйіншілеп жазған еді.
 
            
             
            
             
            
            