Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған соғысты тоқтату жөніндегі жоспар жобасын ресми түрде алды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесі хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Президент кеңсесінің мәліметінше, Зеленский өз «қызыл сызықтарын» айқындап, құжатты әділ соғыс аяқталуына жеткізетіндей етіп жетілдіру үшін америкалық делегациямен жұмысты жалғастыруға келіскен. Кездесу бейсенбі күні өтті, оған АҚШ Құрлық әскерлерінің қолбасшысы Дэн Дрисколл жетекшілік етті.
Киевтің мәлімдеуінше, Украина соғыс басталған алғашқы күннен бері бейбіт шешімге мүдделі және нақты ұсыныстардың барлығын қарастыруға дайын. Хабарламада елдің биыл жыл басында Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға бағытталған бастамаларына қолдау білдіргені және қазіргі уақытта да АҚШ, еуропалық одақтастар мен басқа серіктестермен диалог жүргізуге дайын екені атап өтіледі. Зеленский алдағы күндері Трамппен жеке кездесіп, жоспардың егжей-тегжейін және ықтимал дипломатиялық қадамдарды талқыламақ.
ЖОСПАР
АҚШ ұсынған құжат туралы алғашқы ақпаратты америкалық БАҚ 19 қараша күні жариялаған. Басылымдар дерегінше, жоспарда даулы тармақтар бар: Ресейге бүкіл Донбасты беру, украин армиясын екі есеге қысқарту, қару-жарақты шектеу және орыс тілін екінші мемлекеттік тіл ретінде мойындау.
Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі басшысы Кая Каллас ЕО соғысты тоқтатуға бағытталған кез келген бастаманы қолдайтынын, бірақ мұндай жоспарлар Украина мен Еуропаның ұстанымдарын ескеруі тиіс екенін айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Бұған дейін АҚШ-тың Украинадағы бейбітшілік жоспары Германияда сынға ұшыраған болатын.