Астанада тұрғын үй кешенінің құрылыс алыңында үш жұмысшы шамамен бесінші қабаттан құлап, жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Полиция департаментінің мәліметінше, жұмысшылар биіктікте орнатылған құрылыс жабдығының үзілуі салдарынан құлаған.
– Аталған факті бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу белгілерімен қылмыстық іс қозғалды, – деп мәлімдеді ведомство.
Оқиға салдарынан зардап шеккен үш жұмысшы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, 18 қарашада Астананың денсаулық сақтау басқармасы үстіне кондиционер құлап зардап шеккен фельдшер қаза тапқанын хабарлаған еді. 8 қараша күні Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде қасбеті опырылып, адамдардың үстіне түскен болатын. Ұлдана сол күні жедел жәрдем бригадасымен келіп, үйінді астында қалған адамдарды алып шықпақ болған. Себебі үйінді астынан жылап жатқа баланың да даусы естілген. Сол сәтте фельдшердің үстіне кондиционер құлап түскен еді. Ұлдана бірнеше күн ауруханада жатты.