Солтүстік Қазақстан облысы Петровка ауылы маңында бизнес өкілдері қаржыландырып, ашылуына санаулы күндер қалғанда дайын болған Міржақып Дулатұлына арналған мемориалдық кешеннің бұзылуы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желіде бұл оқиға «қасақана вандализм» деп бағаланса, жергілікті билік құрылыс рұқсатсыз жүргізілгенін алға тартады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алаштанушы: Бұл — қасақана бұзу
Әдебиет тарихшысы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан әлеуметтік желіде мәселені алғаш болып жариялап, кешеннің қираған күйде табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Алаш қайраткерлерінің Аққұсақтағы тарихи жиыны өткен аумаққа қойылған 28 метрлік мемориалды кәсіпкерлер, Алаш арыстарының ұрпақтары өз қаражатына тұрғызған.
Кәрімхан оқиғаға қатысты былай деп жазды:
- Алаш идеясының туы желбіреген жерде тұрғызылған еңселі мемориал ашылуға санаулы күн қалғанда қасақана қиратылған күйінде тұр. Ұшар басындағы қыранның бейнесі мен жарық шамдары сындырып кетілген. Бұны кім және не үшін жасады?
Оның сөзінше, кешенді орнатушылар әкімдік техникалар мен жұмысшылар әкеліп, құрылымды бөлшектей бастағанын хабарлаған. Зерттеуші жағдайға байланысты «Алаш қайраткерлеріне биік ескерткіш орнатуға болмайды деген көзқарас үстем болуы мүмкін» деп алаңдайды.

Басқарма: құжатсыз әрі қауіпті болған
Солтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы мемориалдың не себепті бөлшектелгеніне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат таратты. Ведомство нысанның техникалық талаптарға сай тұрғызылмағанын, қауіпсіздікке қатер төнгенін және жобалық құжаттардың жоқтығын басты себеп ретінде келтіреді.
- Мирный ауылдық округінің аумағында кәсіпкер Барлыбаев Нағашыбай Сабарұлы Алаш қызметін еске алу мақсатында стелла орнатқан болатын. Алайда монумент екі себепке байланысты бөлшектеліп, консервацияға қойылды: стелла тұрғызу кезінде мамандар топырақтың отыруын тіркеп, соның салдарынан құрылыстың қисайуы пайда болған. Мұндай жылжу стелланың орнықтылығы мен қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін еді. Сонымен қатар, орнатылған нысанға қатысты архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы мен бекітілген эскиздік жоба ұсынылмаған, — деп хабарлады басқарма.
Құжаттардың болмауына байланысты кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаевқа әкімшілік айыппұл салынғаны да көрсетілген. Ведомствоның айтуынша, нысан «консервацияға қойылды», яғни толық жойылмаған, қайта қарау мен түзету мүмкіндігі сақталды.