Германияның сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль 26 қараша, сәрсенбі күні Бундестагтың сыртқы саясат комитетінің отырысынан кейін мәлімдегендей, Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер аясындағы алғашқы базалық келісімдер келесі аптадан ерте жасалмайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, Германия үкіметі құрылымды келіссөз процесіне ерекше мән береді.
«Украина қандай жағдайда қандай ымыраға бара алатынын өз егемендігімен шешуі тиіс. Киев мұны тек салыстырмалы күш позициясынан жасай алады, ал оған Еуропа мен Германияның қолдауы бар», – деді Вадефуль.
Ол Германияның Франция және Ұлыбританиямен бірлесіп әрекет етіп отырғанын атап өтті.
РЕСЕЙ АКТИВТЕРІ УКРАИНАҒА ҚОЛДАУ
«Біз Ресейдің мұздатылған қаржылық активтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз. Бұл қаражатты Украинадағы қалпына келтіру жұмыстарына пайдалану қажет. Біз мұны Еуропа деңгейінде жалғастырып талап етудеміз. Бұл әрекеттер соғысты тезірек тоқтату үшін дұрыс қадам екенін көрсетеді. Сонымен бірге Украина өзін қорғауды жалғастыра алады», – деді Германия сыртқы істер министрі.
УКРАИНАМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ
Германияның арнайы қызметтері Берлин үкіметіне Ресейдің 2029 жылдан кеш емес мерзімде НАТО-ға қарсы соғыс жүргізу мүмкіндігін жасап жатқанын хабарлаған. Вадефуль Ресейдің соғыс пен бейбітшілік арасындағы шекараны барған сайын жойып жатқанын, мұны дрондармен жасалған шабуылдар, диверсиялар және жалған ақпарат тарату науқандары сияқты гибридті операциялар арқылы іске асырып отырғанын атап өтті.
ТРАМПТЫҢ БЕЙБІТ ЖОСПАРЫ
Украинадағы бейбіт келісімге қатысты Дональд Трамп ұсынған жоспарды талқылаған Вадефуль пікір білдірді.
«АҚШ мұндай мәселелерді кейде дәстүрлі емес жолмен шешуге тырысады», – деді.
Оның айтуынша, Вашингтон тағы да таңғаларлық икемділік танытып, Еуропамен келіссөздерде серіктестерге жол беруге дайын екенін көрсетті. АҚШ Еуропаның ескертпелерін ескеруге әзір екенін де қосты.