Маңғыстау облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция қызметкерлерін қорлап, оқиғаның видеосын TikTok-қа жариялаған жасөспірімге қатысты істі қарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Іс материалдарына сәйкес, кәмелетке толмаған А. мемлекеттік нөмірсіз мотоцикл айдағаны үшін ұсталған. Ол ұсталған кезде полицейлердің ар-намысына тиетін балағат сөздер айтып, болған жайтты видеоға түсіріп, оны TikTok әлеуметтік желісіне жариялаған.
Мемлекеттік айыптаушы оған 30 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші полиция қызметкері де жасөспірімді жауапкершілікке тарту талабын қолдады. Ал сотталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жазаны жеңілдетуді өтінді.
СОТ НЕ ШЕШТІ
Сотта жасөспірімнің кінәсі оның өз мойындауы, жәбірленушінің айғақтары, видеоматериалдар, сондай-ақ психолого-филологиялық және амбулаториялық психолого-психиатриялық сараптама қорытындылары арқылы дәлелденгені айтылды. Істі қарау нәтижесінде ол ҚР ҚК-нің 378-бабы 2-бөлігі («Билік өкілін қорлау») бойынша кінәлі деп танылып, 30 сағат қоғамдық жұмысқа сотталды.
Сот оның кәмелетке толмағанын, шын жүректен өкінгенін, бұрын сотталмағанын және мінездемесінің жақсы екенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.