×
514.74
599.36
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.74
599.36
6.71

Стоматологты жауапқа тарту керек: тіс емханасындағы бала өлімі

Бүгін, 19:40
Стоматологты жауапқа тарту керек: тіс емханасындағы бала өлімі
Әлеуметтік желіден

Астанада үш жасар қыздың 18 тісін жеке клиникада емдегеннен кейін қайтыс болуына қатысты резонансты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 10 желтоқсанда айыпталушының адвокаты емдеуді жүргізген стоматологты жауапкершілікке тарту туралы өтініш білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Сотта белгілі болғандай, 26 жастағы дәрігер-стоматологқа осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол «Кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау, абайсызда пациенттің өліміне әкелу» бабы бойынша тергелген. Алғашында ол қорғану құқығы бар куә ретінде жауап берген, бірақ кейін тергеу ісін тоқтатқан. Осыдан соң ол сотта қарапайым куә ретінде сөз алып, неге үш жасар қыздың 18 тісін бірден емдеуді таңдағанын түсіндірді.

10 желтоқсанда айыпталушының адвокаты Сагынғали Елеуов сотқа өтініш жасап, дәрігер-стоматологты жауапқа тартуды сұрады.

Ол соттың назарын стоматолог бастапқы емдеу жоспарын өзгертіп, бекітілген 11 тістің үстіне тағы жеті тісті қосқанын айтты. Бұл қыздың өліміне себеп болуы мүмкін екенін жеткізді.

Қорғаушы сараптама қорытындысын еске салып, «бір мезетте жасалған стоматологиялық емдеу көлемі шамадан тыс болғанын» атап өтті. Сондай-ақ «медициналық көмек көрсету барысында кемшіліктер тек менің қорғауымдағы адамнан емес, клиникадағы басқа дәрігерлерден де анықталды» деді.

Адвокат соттан істі тоқтатып, материалдарды қайтадан прокурорға жіберуді сұрады:

– «Соттан істі қарауды тоқтатып, алдын ала тыңдау тағайындауды сұраймын. Материалдарды прокурорға жіберіп, осы іске қатысы бар басқа адамдарды да жауапқа тарту мәселесін қарасын. Өйткені оларды бөлек қарау мүмкін емес», – деді Елеуов.

ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаров өтінішке қарсы шығып, «стоматологтың әрекеттері мен үш жасар қыздың өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс жоқ» екенін айтты.

Жәбірленуші тарап айыпталушының адвокатының өтінішін қолдап, бұл олардың «жан айқайы» екенін жеткізді. Олар бастапқыдан-ақ «барлық кінәлілерді жауапқа тартуды» талап еткенін еске салды.

– «Құрметті сот, бұл өтініш – жәбірленушілердің жан айқайы. Біз айыптауды толық қолдаймыз және оны қанағаттандыруды сұраймыз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты.

СОТ ШЕШІМІ

Сот алдын ала тыңдауға көшудің және материалдарды прокурорға жолдаудың қажеті жоқ деген қорытындыға келді. Себебі іс қазіргі айыптау шеңберінде қаралуда. Айыпталушының адвокатының өтінішін судья қанағаттандырмады.

БҰҒАН ДЕЙІН

Қайғылы оқиға 2024 жылдың 30 қазанында болған: үш жасар қыз астанадағы жеке клиникалардың бірінде наркозбен тіс емдеткеннен кейін оянбаған. Әкесінің айтуынша, процедура жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағаттан артық созылған. Бұған дейінгі сот отырыстарында ол дәрігерлердің қыздың 18 тісін бірден емдеуді шешкенін, ал оны бірнеше кезеңге бөлуге болатынын айтқан.

Серіктес жаңалықтары