2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан бюджетінің кірістері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 3 трлн теңгеге артқан. Алайда мұнай өндіруші компаниялардан түсетін түсімдер едәуір қысқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бюджет көрсеткіштері
Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік бюджет кірісі 21,9 трлн теңгені құрағанын мәлімдеді. Бұл жоспардың 100,1 пайызына тең. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім – 2,9 трлн теңге.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджет кірісі 13,6 трлн теңгеге жетіп, 1,8 трлн теңгеге артқан. Жоспардың орындалуы – 98 пайыз.
– Жергілікті бюджеттер де түсімдердің тұрақты өсімін қамтамасыз етті: 8,2 трлн теңге. Бұл жоспардан 384 млрд теңгеге артық, – деді Мәди Такиев.
Мұнай секторындағы шығын
Сонымен қатар Қаржы министрі әлемдік нарықтағы жағдай Қазақстан қазынасына кері әсер еткенін жасырмады.
– Әлемдік мұнай бағасының өткен жылмен салыстырғанда барреліне 12 долларға, ал болжамды деңгейден 5,4 долларға төмендеуі, сондай-ақ экспорт көлемінің 3,8 пайызға қысқаруы ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің 37 пайызға азаюына алып келді, – деп мәлімдеді Мәди Такиев.
Оның айтуынша, сыртқы факторларға қарамастан, бюджет кірістерінің негізгі параметрлері тұрақты күйінде қалып отыр және оларды жоспарлы деңгейде орындауға мүмкіндік бар.