×
514.31
603.03
6.4
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.31
603.03
6.4

Пара алып ұсталған Хромтау әкімі айыппұлмен құтылып кетті

Бүгін, 12:47
Пара алып ұсталған Хромтау әкімі айыппұлмен құтылып кетті
gov.kz

Хромтау қаласының әкімі болған Сағындық Шабықбаев пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Алайда сот оны бас бостандығынан айырмай, айыппұл салумен шектелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

30 еселенген айыппұл

Өңірлік «Диапазон» басылымының мәліметінше, Хромтау соты Сағындық Шабықбаевқа қатысты үкім шығарды. Сот оны мердігерден пара алғаны үшін 30 еселенген мөлшерде — 12 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.

Әкімге делдал болған Нұрбек Қазбек те пара беруге жәрдемдескені үшін кінәлі деп танылды. Ол бұған қоса бопсалау бойынша айыпталған, алайда бұл эпизодта мердігер оны кешірген.

Әкімнің қалай ұсталғаны

Сот үкіміне сәйкес, Сағындық Шабықбаев мердігерден 400 мың теңге пара алған. Оның орнына мемлекеттік келісімшарт аясындағы жұмыстарды еш кедергісіз қабылдап беруге уәде еткен. Шабықбаев та, Қазбек те кінәсін мойындаған.

Осыған байланысты Хромтауда әкімді қайта сайлау өткізіледі. Дауыс беру 11 қаңтарға белгіленген.

Сағындық Шабықбаев туралы не белгілі

40 жастағы Сағындық Шабықбаев Хромтау қаласының әкімі қызметіне 2023 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Еңбек жолын облыстық ХҚКО филиалында инспектор болып бастаған. Кейін Әйтеке би және Хромтау аудандары әкімдіктерінде, сондай-ақ Хромтау қаласы әкімінің аппаратында түрлі қызмет атқарған.

2018 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Хромтау қаласы әкімінің орынбасары болды. 2025 жылдың қарашасында пара алды деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынған. Ал 11 желтоқсанда оның ісі бойынша сот процесі басталған.

Серіктес жаңалықтары