×
513.55
602.09
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
513.55
602.09
6.42

«Менің екі жоғары білімім бар»: Павлодар облысының әкімі журналистерге экономикадан "дәріс" оқыды

Бүгін, 13:43
«Менің екі жоғары білімім бар»: Павлодар облысының әкімі журналистерге экономикадан "дәріс" оқыды
Ulysmedia.kz коллажы

ОКҚ-да өткен брифинг барысында журналистер Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтан өңірдегі бөлшек сауда көлемінің инфляция деңгейінен әлдеқайда төмен өсіп отырғанын сұрады. Бұл жағдай тұрғындардың нақты табысы бағаның өсуіне ілесе алмай отыр дегенді білдірмей ме? Ал әкім баяндамасында айтқан экономикалық өсім павлодарлықтар үшін шынайы әл-ауқаттың артуы емес, жай ғана иллюзия болып тұрған жоқ па деген сауал қойылды.

Жауап ретінде облыс әкімі БАҚ өкілдеріне экономика бойынша ұзақ түсіндірме жасап, “дәріс” оқыды. 

Экономистің сөзі

Журналистердің «инфляция 12,5%-ға өсіп, ал бөлшек сауда көлемі небәрі 7%-ға артса, демек тұрғындар үнемдеуге мәжбүр болып, азық-түлікті аз сатып ала бастады» деген тұжырымы Асайын Байхановтың наразылығын тудырды.

– Менің экономика және қаржы саласы бойынша екі жоғары білімім бар, шетелде банктік академияны бітіргенмін, сондай-ақ Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде экономика мамандығы бойынша білім алдым. Сондықтан сіздерге экономист ретінде айтайын: халықтың әл-ауқаты бөлшек сауда көлемімен өлшенбейді. Жағдай әртүрлі болады. Бүгін сіздің бір басымдықтарыңыз бар – белгілі бір тауарларды сатып аласыз, ал ертең үнемдейсіз. Себебі балаңыз өсіп қалды, оны мектепке дайындау керек, оқуына немесе курстарына ақы төлейсіз, – деп екі жоғары білімі бар экономист ретінде өз уәжін айтты Асайын Байханов.

Әкімнің мойындауы

Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі инфляцияның азаматтардың әл-ауқатына әсер ететінін мойындады. Алайда оның айтуынша, өңірде жалақының өсу қарқыны инфляциядан 0,5%-ға жоғары.

– Бұл өсім жеткіліксіз екенін мойындаймын. Сондықтан біз жоғары жалақы төлейтін компанияларды тартумен айналысып жатырмыз. Мысалы, соңғы ашылған зауыттар мен кәсіпорындарда орташа жалақы шамамен 600 мың теңге. Ал өңір бойынша орташа жалақы – 405 мың теңге, медианалық жалақы – 360 мың теңге, – деді ол.

Асайын Байхановтың айтуынша, алдағы уақытта облыс орташа көрсеткіштен екі есе жоғары жалақы төлейтін кәсіпорындарды тартуды жалғастырады.

Контекст

Бұған дейін Павлодар облысында түркиялық компания қант зауытын салатыны белгілі болған еді.

Серіктес жаңалықтары