×
513.55
602.09
6.42
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
513.55
602.09
6.42

KazTAG пен Freedom Finance текетіресі: адвокаттар тергеу барысына таңғалды

Бүгін, 18:00
KazTAG пен Freedom Finance текетіресі: адвокаттар тергеу барысына таңғалды
Ulysmedia.kz коллажы

Желтоқсан айының басында KazTAG агенттігі басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Тергеуге агенттіктің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Амир Қасенов ілікті. Оларға ҚР ҚК-нің 274-бабы — «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылып отыр. Редакция дерегінше, іс 18 шілдеде тіркелген, алайда бұл туралы тек 20 қарашада, Freedom Finance компаниясымен байланысты БАҚ-та жарияланған материалдардан кейін ғана белгілі болған. Бұған компанияның өз қызметіне қатысты болжамды алаяқтық схемалар туралы жасаған арызы себеп болған. Бұған жауап ретінде KazTAG басшылығы мен олардың адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп, тергеу барысындағы заңбұзушылықтар мен қысым туралы егжей-тегжейлі мәлімдеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ

KazTAG бас редакторы Амир Қасенов баспасөз мәслихатын мынадай түсіндірмемен бастады:

– Мұнда журналистерден бөлек, құқық қорғау ұйымдарының, парламенттің және шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының өкілдері отыр. Бұл – біз үшін болып жатқан жайтқа назар аударылғанының маңызды белгісі. Біз бұл жерге саяси мәлімдеме жасау үшін, айғай шығару үшін немесе тергеуге қысым көрсету үшін жиналған жоқпыз. Біз нақты фактілерге сүйене отырып, қатаң құқықтық алаңда KazTAG-қа және нақты маған, Әсет Матаевқа қатысты қылмыстық істе орын алып отырған заңбұзушылықтарды жария түрде тіркеу үшін жиналдық, – деді ол.

Тергеу органдарымен жеке тәжірибесіне тоқталған Қасенов өзіне кінәлі немесе кінәсіз деген баға беруге құқы жоқ екенін айтты. Алайда адамдық қадір-қасиетті қорлайтын жайттар туралы айтуға құқылы екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай детальдар ресми хабарламаларда көбіне айтылмайды, бірақ жағдайды түсіну үшін аса маңызды.

– Үкім шығаратын мен емес, ол үшін сот бар. Бірақ мен адамдық қадір-қасиетті қорлау деп санайтын жайттар туралы айтуға құқылымын. Тергеу әрекеттері кезінде адамды әжетханаға жібермеу ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Алайда тергеудегі адам үшін бұл – қорлау. Жеке өзім үшін бұл өте ауыр, қорлайтын жағдай болды, – деді Қасенов.

АШЫҚТЫҚ

Журналист эмоцияға беріліп айып тағуды көздемейтінін, мұндай эпизодтарды қысым құралы ретінде пайдаланбайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәселелерді айғай-шусыз, құқықтық тәртіппен, сотта талқылау дұрыс.

– Мұны сотта, сабырмен айту маңызды деп санаймын. Мұнда эмоция емес, адамдық қадір-қасиет пен тергеу барысында базалық нормалардың қалай сақталуы тиіс екені сөз болып отыр. Мен құқық қорғау органдары әрдайым жалған айтады деп отырған жоқпын. Бірақ соңғы жылдардағы мысалдар қоғамда ресми нұсқаларға күмән келтіруге негіз бар екенін көрсетеді. Сондықтан ашықтық пен жария талқылау аса маңызды. Мұндай істердегі жабықтық сенімсіздікті күшейтеді, – деп түйіндеді ол.

Амир Қасенов болып жатқан жайттардың саяси талаптармен немесе қысым жасау әрекеттерімен байланысы жоқ екенін баса айтты. Оның сөзінше, өзі де, редакция да ешкімнің отставкасын талап етпейді, қақтығыс іздемейді, тек заңның сақталуын талап етеді.

АДВОКАТТАРДЫҢ ТАҢДАНЫСЫ

Одан кейін сөзді Әсет Матаевтың адвокаты Рена Керимова алды. Оның айтуынша, редакция басшылығына қатысты қылмыстық істің тіркелуіне негіз болған арыздың сипаты күмән туғызады.

– Адвокат ретінде мені арыздың өзінде нақты адамдардың кінәлі ретінде көрсетілуі қатты алаңдатады. Бұл тергеу басталмай тұрып, ешқандай тексеру де, анықталған факт те болмаған кезде жазылған. Менің қорғауымдағы адам бұл тізімде бірінші болып тұр. 18 шілдеде арыз түсіп, сол күні ЕРДР-ге тіркелген. 15 жылдық тәжірибемде мұндай санаттағы істердің осынша жылдам қозғалғанын алғаш рет көріп отырмын, – деді Керимова.

Адвокат қорғау тарапы қауесетке немесе жеке пікірге емес, ресми құжаттарға сүйенетінін айтты. Оның сөзінше, процессуалдық мерзімдер мен Бас прокуратура шешімдерін зерделеу істің қалыптан тыс қозғалғанын көрсетеді және тергеу органдарының әрекетіне қатысты елеулі сұрақтар туғызады.

– Мен Бас прокуратураға ресми сұрау жолдадым. Алынған анықтамаға сәйкес, Матаевқа қатысты арыз 18 шілдеде түсіп, сол күні полиция департаментінде тіркелген. Мұндай жылдамдықты бұл санаттағы істерде алғаш рет көріп отырмын, – деді адвокат.

Істің қалай басталғанына тоқталған Керимова тергеу әу бастан қате логиканы таңдағанын мәлімдеді.

– Егер арызда менің қорғауымдағы адам қылмыс жасады деп көрсетілсе, заңға, соның ішінде 65-баптың 1-бөлігіне сәйкес, Әсет Матаев қорғауға құқы бар куә ретінде шақырылуы тиіс еді. Оны шақырып, «осы тақырыпта материал жаздыңыз ба, неге сізге қатысты арыз түсті?» деген сұрақтар қойылуы керек болатын. Бірақ бұл жасалмады. Тергеу осы қарапайым процессуалдық әрекеттерсіз бірден басталды, – деді ол.

Адвокат айыптау формулировкасына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, «көрінеу тарату» – жай ғана заңи термин емес, адамның ақпараттың жалған екенін біле тұра, саналы түрде әрекет еткенін дәлелдеуді талап етеді.

– «Көрінеулікті» дәлелдеу өте қиын. Адам ақпараттың жалған екенін алдын ала 100 пайыз білгенін және соны әдейі таратқанын нақты анықтау қажет. Бұл іс бойынша мұндай дәлел келтірілген жоқ. Соған қарамастан тергеу басталып, бізге мүлде хабарланбаған тергеу әрекеттері жүргізілді, – деді Керимова.

Оның айтуынша, журналистерге қатысты қылмыстық қудалаудың алдын ала тексерусіз, осыншалықты жылдам басталуы тәжірибесінде сирек кездескен.

– Әсет Матаев – беделді, принципшіл әрі тәуелсіз журналист. Оның мұндай жағдайды екінші рет бастан кешіп жатқаны жанымды ауыртады, – деді адвокат.

Қорғау тарапының әрекеттеріне тоқталған Керимова заңды тетіктердің іс жүзінде жұмыс істемей отырғанын айтты. Мәселен, берілген өтінішхаттар жауапсыз қалып, процессуалдық мерзімдер бұзылып отыр.

Керимованың сөзінше, бұл жағдай бүкіл медиа қауымдастық үшін алаңдатарлық белгі. Мұндай істер редакцияларға сөзсіз әсер етіп, сыни жарияланымдар төңірегінде үрей атмосферасын қалыптастырады.

– Мен мұны тәуелсіз медиаларға қысым жасаудың бір түрі деп есептеймін. Нысана ретінде дәл KazTAG-тың таңдалуы – басқа редакцияларды қорқытып, Freedom Finance-ке қатысты жағымсыз жарияланымдардың жария кеңістікте пайда болмауына бағытталған әрекет сияқты көрінеді, – деп қорытындылады адвокат.

ТУРЛОВ НЕ ДЕЙДІ

Бұл баспасөз мәслихатына дейін көп ұзамай Freedom Finance иесі Тимур Турлов да жағдайға пікір білдірген. Оның айтуынша, KazTAG ұзақ уақыт бойы Freedom Finance-ке қатысты айқын негатив реңктегі күніне 12 материалға дейін жариялаған. Турлов мұны жала мен манипуляция элементтері бар мақсатты ақпараттық науқанның бір бөлігі болуы мүмкін деп болжады. Сондай-ақ ол компанияда жалған ақпарат таратылғанын дәлелдейтін деректер бар екенін және беделін құқықтық алаңда қорғайтынын айтты. Сонымен бірге, Турлов болып жатқан жайтқа әдейі симметриялы жауап бермейтінін, «ақпараттық соғыстарға» қатыспайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай қақтығыстар жекелеген тараптарға ғана емес, бүкіл салаға зиян келтіріп, жалпы елге деген сенімді әлсіретеді.

P.S.

Баспасөз мәслихатының анонсында ұйымдастырушылар Freedom Bank өкілдерін шақырғаны және олардың ұстанымын тыңдауға дайын екені көрсетілген. Алайда шараға ешкім келмеді – екінші тараптың пікірін білу мүмкін болмады.

Серіктес жаңалықтары