×
510.18
601.91
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.18
601.91
6.51

МӘМС: жұмыссыздардың мәртебесі қалай сақталады

Бүгін, 22:10
МӘМС: жұмыссыздардың мәртебесі қалай сақталады
Ulysmedia коллажы

Денсаулық сақтау вице-министрі Алия Рүстемова жұмысы жоқ азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін сақтаудың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, жаңа жылдан бастап медициналық сақтандыру аясында жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша әкімдіктердің тікелей жауапкершілігі ескерілетін болады. Осыған байланысты ресми түрде тіркелген жұмыссыздар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу шығындары жергілікті бюджетке жүктеледі.

ЖАРТЫ ЖЫЛҒА ДЕЙІН МӘРТЕБЕНІ САҚТАУ

– Уақытша қиындықтар туындаған жағдайда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені алты айға дейін сақтауға болады. Яғни бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген азаматтар уақытша төлем жасай алмаған күннің өзінде алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Бұл заңдағы жаңа өзгеріс халықты медициналық сақтандыру жүйесімен барынша қамтуға және сақтандырылғандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұрын жеңілдік мерзімі үш ай ғана болатын, – деді вице-министр.

Оның сөзінше, мұндай тәсіл жүйеге тұрақты қатысып жүрген, бірақ уақытша қиындыққа тап болған азаматтарды қолдауға мүмкіндік береді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Қазіргі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 16,9 миллион адам, яғни халықтың 82,6 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде шамамен 12 миллион адам (59,5%) жеңілдік санатына жатады, олардың жарнасын мемлекет төлейді.

Ал 3,4 миллион адам жүйеден тыс қалып отыр. Оның ішінде 2,4 миллион азаматтың тұрмыс деңгейі қанағаттанарлық және жақсы, ал 1 миллион адам әлеуметтік жағдайы дағдарыстық және шұғыл деңгейде тұрғандар санатына кіреді. Жаңа жылдан бастап бұл топтағы азаматтар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады.

ЖАРНА МӨЛШЕРІ

– Еңбекке қабілетті жастағы 2,4 миллион азамат үшін сақтандыру жүйесіне кіру жеңіл әрі қолжетімді болып қала береді: айына 4250 теңге немесе жылына 51 мың теңге, – деп түйіндеді Денсаулық сақтау вице-министрі.

ҚОСЫМША ҚАРЖЫ

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жетілдіру және талдау департаментінің директоры Ляззат Шоманова 2026 жылы Медициналық сақтандыру қорына қосымша шамамен 245 миллиард теңге түсетінін мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары