Қазіргі қазақ прозасының белгілі өкілі Әлихан Жақсылық әлеуметтік желідегі ақын-жазушыларға қарата айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы жазушы өзінің фейсбук парақшасында жазған.
Басым қатып кетті… “кітап сатып алыңдар” десем жақыным деп жүргенім “жұртқа алақан жайдың” деп бетімді тіліп салды. “Жаңа романым шықты” деп жоғарыға айтсам “мемлекетке алақан жайдың” деп бір ағам бетімді тіліп тастады. Жалпы кітабым жақсы өтіп тұр, нарық талаптарына саймын деп отырмын. Бірақ фейсбукті ашсам қырып бара жатырсыңдар. Кітапты жұртқа сатсам да “масылсың” дейді, мемлекеттік тапсырысқа ұсынсаң да “масылсың” дейді – деп жазды Әлихан Жақсылық.
БҰҒАН ДЕЙІН
Журналист Нәзия Жоямерген әлеуметтік желіде жазушылар мен ақындарға қатысты қоғамда жиі көтерілетін талаптарға сыни көзқарасын білдірді. Ол әдебиет өкілдеріне ерекше жағдай жасауды сұрайтын үндеулердің негізсіз екенін айтып, бұл көзқарас Кеңес дәуірінен қалған сарқыншақ екенін алға тартты. Автордың айтуынша, жазушылар мен ақындарды мемлекет тарапынан ерекше қолдауды талап ету — қисынсыз.
ӘЛИХАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Әлихан Жақсылық қазақ әдебиетіне жаңалық болып келген жас жазушы. “Нотр-дамда құлшылық ету керек пе?”, “Африкадан Аляскаға”, “Ескі вокзалдың жолаушылары” романдарының, “Алты құрлық”, “Төрт мұхит” хикаяттар жинағының авторы. Ұлыбританияның “Алты бұғы” әдеби сыйлығын жеңіп алған. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Шығармалары ағылшын, түрік тілдеріне аударылып басып шығарылған.
Қазақстандық жазушы Әлихан Жақсылық өз кітаптарының әлем дүкендерінде сатылып жатқанын жазды
Әлихан “Меценат.кз” байқауын жеңіп алғаннан кейін де өзіне сынаушылар көбейгенін, оларға жауап та бергенін жазған едік.
ӘЛИХАН МЕН ЖҮРСІН ЕРМАН
Ұзақ жылдар бойы айтыс өнерінің тізгінін ұстаған Жүрсін Ерман ақын Мұхтар Ниязовпен сұхбаттасқан. Сөз арасында жүргізуші Жүрсін Ерманнан кейінгі буынның аяқ алысы туралы сұраған. Ол жауабында бір кездері айтыс сахнасында өнер көрсеткен кейін прозаға бет бұрған Әлихан Жақсылықты тілге тиек етеді.
Жазушы Әлихан Жақсылық өз сөзінде өзін айтыс сахнасына шығарған Жүрсін Ерманға ренішін жасырмады.Ол әлеуметтік желідегі парақшасында ағынан жарылды.