Ұлттық ұланда әскери борышын өтеп жүрген тағы бір сарбаз көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Syrmedia.kz сайтының жазуынша, 6 қаңтарда №6506 әскери бөлімінің сарбазы Данияр Амалбеков ауруханада көз жұмған.
Ұлттық ұлан мәліметінше, сарбаздың кенеттен жүрегі тоқтап қайтыс болған. Қолданылған реанимациялық шараларға қарамастан, Данияр Шымкент қаласының ауруханасында көз жұмған.Оған өткір лейкоз диагнозы қойылған.
Данияр Амалбековтің туыстары Syrmedia.kz редакциясына сарбаздың былтыр 11 желтоқсанда ауруханаға түскенін айтқан. Бірақ отбасы ол жөнінде тек 29 желтоқсанда ғана білген. Жақындарының сөзінше, бастапқыда ауруханада «пневмония» диагнозы қойылған, кейін одан емделіп, денсаулығындағы мәселелер асқазанмен байланысты деп түсіндірілген.
«Дені сау баламыз әскерге аттанып, араға бір ай салып табытпен оралды», – деген марқұмның туыстары.
Контекст
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім мен суицид жиілеп барады. Бұған дейін қорғаныс министрлігі кейінгі үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қаза болды деп мәлімдеген.
Марқұмдардың туыстары да, қоғам да негізінен сарбаздардың өліміне әскер мен оның басшылығын кінәлі дейді. Сарбаздардың қазасына әлімжеттік себеп екені жиі айтылады. Ал ресми ақпаратқа сәйкес, олардың өліміне көп жағдайда ауру, жол апаты мен суицид себеп.