×
512.16
594.72
6.57
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.16
594.72
6.57

Қызылорда құрылтайы: партияда жоқ азаматтардың сайлану құқы қалай шешілуі мүмкін?

Бүгін, 18:22
Қызылорда құрылтайы: партияда жоқ азаматтардың сайлану құқы қалай шешілуі мүмкін?
Ulysmedia коллажы

Қызылордада Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтіп жатыр. Бұл жиын Қазақстанның жаңа тарихында «Қызылорда құрылтайы» деген атаумен қалуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың айтуынша, құрылтай елдегі ауқымды саяси өзгерістерге мұрындық болмақ.

- Қазақстанның жаңа тарихында “Қызылорда құрылтайы” деген атаумен қалатын, елдегі үлкен саяси өзгерістерге мұрындық болатын Ұлттық құрылтайдың жұмысы басталды, – деді ол.

Ермұрат Бапи құрылтай аясында өткен «Азаматтық қоғам» секциясында екі мәселе көтергенін атап өтті. Оның бірі – партияда жоқ азаматтардың сайлау және сайлану құқығына қатысты.

Депутат бұл мәселе қоғамда жиі қозғалып жүргенін айта келе, оны елеусіз қалдыруға болмайтынын жеткізді.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен алда өтетін Парламенттік реформаға байланысты қоғамда жиі қозғалып отырған мәселе – партияда жоқ азаматтардың сайлану құқына қатысты, – деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстанда шамамен 8 миллионға жуық партияда жоқ сайлаушы бар. Осыны ескере отырып, бұл сұрақты кейінге ысыру дұрыс емес.

- Егер елде 8 миллионға жуық партияда жоқ сайлаушы азаматтар бар екенін ескерсек, бұл сұрақты жылы жауып қоюға болмайды, – деп жазды депутат.

Ермұрат Бапи мұндай жағдайда алдағы парламенттік сайлаудың легитимдігіне азаматтық қоғам тарапынан күмән туындауы мүмкін екенін ескертті.

- Мұндай жағдайда алда болатын парламенттік сайлаудың легитимдігіне азаматтық қоғам тарапынан оң баға берілмеуі әбден мүмкін. Билікке деген мұндай ерегес қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмайды, – деді ол.

Депутат өзі бір мандатты сайлау жүйесі бойынша сайланғанына қарамастан, Мемлекет басшысының партиялық сайлау жүйесіне қатысты ұстанымын қолдайтынын айтты.

- Мен өзім бір мандатты сайлау жүйесі бойынша сайланған депутат бола тұрсам да, Президент Тоқаевтың өткен күздегі Халыққа жолдауында айтылған партиялық сайлау жүйесін қолдаймын, – деді Ермұрат Бапи.

Оның пікірінше, партиялық жүйе елді саяси тұрғыда жұмылдыруға және геосаяси тұрақсыз кезеңде ішкі бірлікті сақтауға мүмкіндік береді.

- Бұл – елді партиялық негізде жұмылдыру мен қоғамда орын алуы мүмкін түрлі тәуекелдерге төтеп беретін, әсіресе бүгінде теңселіп тұрған геосаяси әлемде біздің елдің ішкі тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік беретін жүйе,  – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар, ол қоғамда партияда жоқ азаматтардың сайлау құқы қалай жүзеге асады деген сұрақтың ашық тұрғанын айтты.

Осыған байланысты Ермұрат Бапи Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Ұлттық құрылтай хатшылығына нақты ұсыныс жолдағанын жеткізді.

Депутат қолданыстағы сайлау заңнамасында партиялық тізімдерге қатысты түрлі квоталар қарастырылғанын еске салды.

- Жастар квотасы, гендерлік квота және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пайыздық квотасының мөлшері белгіленген. Бүгінгі Парламенттегі партияларда бұл квота қатаң сақталған, – деді ол.

Осы тәжірибені негізге ала отырып, партияда жоқ азаматтарға да арнайы квота енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

- Парламентте талқыланатын бір палаталы парламентке байланысты заңнамаларға партияда жоқ азаматтардың квотасын енгізу мүмкіндігі туралы норманы неге енгізбеске?, – деді депутат.

Оның айтуынша, бұл жағдайда әр партия өз қатарына партияда жоқ азаматтарды ашық түрде шақырып, партияішілік праймериз арқылы іріктеу жүргізе алар еді.

- Партияда жоқтарды мемлекеттік мүдде жолында партияларға тарту және салауатты қоғам белсенділерін өкілетті билікке саяси интеграциялау мүмкіндігі туар еді, - деп жазды Ермұрат Бапи.

Депутат мұндай қадам қоғамдағы наразылық деңгейін төмендетуге және елде қордаланған мәселелерді бірлесіп шешуге жол ашатынын айтты.

- Қоғамдағы жекелеген топтардың протестік қызуын басуға және партияда жоқтар өкілдерінің қатысуымен елде қордаланған проблемаларды бірлесіп шешу мүмкіндігі “Жаңа Қазақстан” идеяларына сәйкес келеді деп ойлаймын, – деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары