2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мектептерінде оқушы орындарының саны тарихтағы ең жоғарғы деңгейге жетті. Бұл көрсеткіш 1980 жылдан бергі ең үлкен нәтиже болып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕКТЕПТІК БУМ
Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының есебіне сәйкес, өткен жылы елде 221,6 мың жаңа оқушы орны ашылды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,2 есе көп. 1980 жылдан бері мұндай көлемде жаңа орындар ешқашан енгізілмеген.
Түсінікті болу үшін: тәуелсіздік кезеңінде оқушы орындарының саны бірде-бір рет 100 мыңнан асқан емес. 1992–2024 жылдар аралығындағы орташа көрсеткіш – 31,6 мың орын. Бұған дейінгі рекорд 1988 жылы тіркелген болатын – 120,8 мың орын. Ол қазіргі нәтижеден айтарлықтай төмен.
Өткен жылы ел бойынша 234 жаңа мектеп ашылды. Бұл да тарихтағы ең жоғарғы көрсеткіш.
ЖАҢА МЕКТЕПТЕР ҚАЙДА САЛЫНДЫ
Жаңа орындар көп болғанымен, ел аумағында біркелкі бөлінген жоқ. Ең көп мектеп Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және халқы тығыз орналасқан Түркістан мен Алматы облыстарында салынды. Бұл өңірлерде халық санының өсуіне байланысты жаңа мектептерге сұраныс ерекше жоғары еді.
Сарапшылардың айтуынша, негізгі рөлді мемлекет атқарды. Мемлекеттік қаржы есебінен 202,1 мың оқушы орны (жалпы көлемнің 91 пайызы) және 199 мектеп (85 пайызы) пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіштер ұлттық жоба – «Жайлы мектеп» бағдарламасының мерзімі аяқталуымен тұспа-тұс келді.
Жоба аясында бастапқыда 400 мың жаңа орын ашу және 2,6 триллион теңге қаржы бөлу жоспарланған еді. Кейін бұл жоспар қысқартылып, 230,2 мың орын және 1,5 триллион теңгеге дейін төмендетілді.
Іске асыру барысында да кемшіліктер болды. Мысалы, 2024 жылы жоспарланған 111 мектептің 105-і ғана салынды, ал пайдалануға тек 13-і берілді. Кейбір мектептерде оқу жылы басталып кеткенімен, олар ресми түрде қабылданбаған еді.
Сондықтан 2025 жылғы «бумның» себебі түсінікті: 2024 жылы үлгермеген нысандарды қабылдау уақыты келді.