«Талибан» лаңкестік қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстан билігін басып алғалы алғашқы рет Герат қаласында төрт адамды көпшіліктің алдында өлім жазасына кесті. Өлім жазасна кесілгендер адам ұрлады деп айыпталған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Associated Press-тің хабарлауынша, таралып кеткен суреттен көпшілік жиналған жерде 4 ер адамның асылып тұрғанын көруге болады. Жергілікті тұрғындардың бірі «Талибанның» ресми өкілдері алдымен 4 адамның денесін Герат қаласының орталығына алып келгенін, одан кейін оның үшеуін бәріне көрсету мақсатында қаланың басқа бөліктеріне алып кеткенін айтты.
Герат қаласындағы аудандық полиция бөлімінің басшысы Зиаулхак Джалали тәлібтер 4 қылмыскер ұрлап кеткен әке мен баласын құтқарып қалғанын айтты. Оның айтуынша, атыс барысында бір әскери адам мен азаматтық тұлға жараланған
«Бұл акцияның мақсаты – қылмыскерлердің бәріне ескерту жасау», - дейді тәлібтердің командирі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ауғанстанда билікті басып алған «Талибан» лаңкестік қозғалысы өлім жазасын қайтаруды қолға алатынын жазған болатынбыз.